Жарияланымдар

Қостанайда «қара риелторлар» тобын полицейлер басқарғаны айтылды

2 мин чтения

Бұрынғы заңгер өзін қылмыстық топтың жетекшісі емес, «полицейлердің тапсырмасын ғана орындаған» адаммын деп мәлімдеді.

Еске салайық, Әлібаев, Дмитрий Капустин, Сергей Глушков, Марат Бекенов, Евгений Ковтун, Дастан Күшекбаев, Эдуард Ишнбаев пен Асель Бояркина пәтерлерге қатысты алаяқтықтың 27 эпизоды бойынша айыпталып отыр. Айыптау қорытындысына сәйкес, жылжымайтын мүлік үшін олар үш адамды өлтірген. Іс 66 томнан тұрады.

Сотталушылар барлық куәгерден кейін айғақ бергісі келген, бірақ Әлібаев сөз сөйлеуге шешім қабылдады.

«Мен қылмыстық әрекеттерге тікелей қатысқан бірқатар полиция қызметкерін жауапқа тартуды талап етіп, әртүрлі органдарға бірнеше рет жүгіндім. Олар — Солтүстік және Оңтүстік полиция бөлімдерінің басшылары, учаскелік инспекторлар, ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкері, қаржы полициясының қызметкері және басқалар. Олар жәбірленушілерді ұрып, алып кететін… Тергеуде полицейлердің қатысы барын, оларға жұмыс істегенімді айттым, бірақ бұл деректер жасырылды», — деді Әлібаев.

Ол бірнеше полицейдің тегін атады. Әлібаевтың сөзінше, олардың бірі бастапқыда күдікті болған, кейін күтпеген жерден мәртебесі өзгерген.

«Кем дегенде сотта бәрі жан-жақты анықталғанын қалаймын. Тергеу изоляторында құжаттарым жоғалып кетеді. Маған қорқытады. „Әйелің мен балаң бар, мұндай айғақ берме“ дейді. Олар мені пайдаланды, енді мен оларды пайдаланамын. Өтінішімді қабылдауды сұраймын», — деді Әлібаев.

«Қылмыстық іс қозғау және жаңа адамдарды жауапқа тарту соттың құзыретіне кірмейді. Өтінішіңізді прокуратураға жіберуге мәжбүрмін», — деді судья Абай Раисов.

«Мен аса ауыр қылмыс туралы білемін! — деп Әлібаев кенет даусын көтерді. — Карбышев көшесі, 9-үй, 12-пәтерде адам өлтіру болды. Оны бұрынғы және қазіргі полиция қызметкерлері жасаған! Мұны бәрі естісін!»

«Сот отырысында дыбыс пен бейнежазба жүргізіледі. Сіздің айғақтарыңызды Жоғарғы сотта да көреді», — деп айыпталушыны тыныштандырды судья.

Отырыстың соңында Шахраман Әлібаев тергеу изоляторында өзіне «адамша» қарауды сұрады. Оның сөзінше, оны өмір бойына сотталатын адам деп атап, «сындырамыз» деп қорқытқан.

ДЕРЕККӨЗ:http://newtimes.kz/eshche/kriminal/item/43281-gromkoe-zayavlenie-v-sude-sdelal-lider-chernykh-rieltorov-v-kostanae

Қазақстанның азаптауға қарсы ҮЕҰ коалициясының материалы