Әлима Әбдірова оқиғаға байланысты тергеу басталғанын хабарлады.
АСТАНА, 24 ақпан — Sputnik. Құқық қорғаушы Әлима Әбдірова ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған Жайсаң мамандандырылған білім беру ұйымында тәрбиеленуші азапталғанын мәлімдеді.
«Ару ана» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі интернетте баланың көптеген жарақат алғанын жазды.
«Директор бұл сорақы оқиғаны тіркемеген. Балаға компьютерлік томография да, бас миының рентгені де жасалмады. Арқасында көгерген жерлер болғандықтан, ішкі ағзаларының қаншалықты зақымданғаны белгісіз», — деді Әбдірова.
Оның сөзінше, оқиға Мәртөк аудандық ішкі істер бөлімінде тіркеліп, тергеу басталған.
«Бұл ақпаратты Ақтөбе облысы прокурорының бірінші орынбасары Нұрдәулет Сүйіндіковтен алдым. Ол медициналық сараптама баланың басында көптеген ісік болғанын растағанын айтты», — деді Әбдірова.
Әбдірова прокурор орынбасарының айтуынша, баланы ұрған қызметкер жұмыстан босатылғанын жеткізді.
«18 жылдық тәжірибемде интернаттағы балаға жасалған азаптау фактісі құқық қорғаушылардың хабарламасынан кейін жедел тіркелген бірінші жағдай», — деді ол.
Ақтөбе облысы прокурорының бірінші орынбасары Нұрдәулет Сүйіндіков құқық қорғаушының сөзін растады.
«Болған фактіні жасыра алмаймын. Ол тіркелді, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатыр. Әзірге егжей-тегжейін айту ерте. Біздегі мәлімет бойынша мекеме қызметкері жұмыстан шығарылған», — деді Сүйіндіков Sputnik Қазақстанға.
Бұған дейінгі жылдың қыркүйегінде Әлима Әбдірова кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығында «азғындату процесі жүріп жатыр» деген сөздерін теріске шығармағаны үшін екі жылға сотталған еді. Ол сотта өз кінәсін мойындамай, орталықтың өзіне және әріптестеріне қарсы талабы бойынша шығарылған шешімді заңсыз деп атады.

