Penal Reform International (Халықаралық түрме реформасы) ұйымының өкілі Азамат Шамбилов полиция бөлімдерінде балалар құқықтарының көптеген бұзылу фактілері бар екенін мәлімдеді.

«Балаларға қатысты айтарым: соңғы екі жылда біз «Баланың дауысы» деп аталатын зерттеу жүргіздік. Баяндамада полиция тарапынан балаларға жасалған зорлық-зомбылықтың көптеген жағдайы көрсетілген», — деді А. Шамбилов жұма күні ішкі істер органдарының қылмыстық-атқару жүйесіндегі азаптауға қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі қоғамдық тыңдауда, деп хабарлайды ҚазТАГ.

Оның айтуынша, полиция бөлімінде қамауда болған балалардың тек жартысына ғана құқықтық көмек ұсынылған. Балалардың 10%-ы бөлімде 3–4 күн, ал 21%-ы бес күннен астам уақыт қамауда болған.

«Алты қыздың төртеуі ересектермен — ер адамдармен немесе әйелдермен — бірге ұсталғанын айтты», — деп қосты ол.

Сонымен қатар қатысушылардың 55%-ы полицияның қатыгез қарым-қатынасын атап өткен. Зерттеуге қатысқан заңмен қайшылыққа түскен балалардың төрттен бірі полиция қызметкерлері өздерін сөзбен қорлағанын айтқан. Балалардың 9%-ы ауыр психологиялық қысымға, 18%-ы орташа деңгейдегі дене зорлығына ұшыраған, ал үштен бірі өздеріне ауыр дене зорлығы жасалғанын мәлімдеген.

«Балалардың 42%-ы қызметкерлердің дөрекі сөздерін естіген, ал 16%-ы персонал тарапынан ауыр психологиялық қысымның куәсі болған», — деді ол.

ҮЕҰ өкілі «Баланың дауысы» зерттеуінің екінші баяндамасында мынадай нәтиже келтірілгенін айтты: балалардың 65%-ы полиция бөлімдерінде ересектермен бірге ұсталған.

«Бұл әсіресе қыздар үшін өзекті болды. Ересектермен бірге отырған бес қыздың төртеуі мұны қорлау деп бағалаған. Балалардың 17%-ы полиция бөлімдері қызметкерлерінің қатыгез әрекеттеріне тап болғанын хабарлады. Көріп отырғанымыздай, полиция бөлімдерінде баланың құқықтары мүлде қорғалмайды», — деп түйіндеді ол.

ДЕРЕККӨЗ:
ҚазТАГ ақпарат агенттігі
http://ratel.kz/kaz/pravozaschitniki_soobschajut_chto_v_politsejskih_uchastkah_uschemljajutsja_prava_detej