Өзіндік қауіпсіздік басқармасының аға тергеушісі, полиция майоры Құдайберген Ержан әлеуметтік желілерде тараған «Қызылордада полиция қызметкері камераны өшіруден бас тартқан жүргізушіні ұрды» атты бейнежазбаға қатысты түсініктеме берді.
Аталған дерек бойынша Қызылорда облыстық ІІД өзіндік қауіпсіздік басқармасы ҚР Қылмыстық кодексінің 362-бабы 2-бөлігі — билікті немесе лауазымдық өкілеттікті асыра пайдалану бойынша қылмыстық іс қозғады.
Тергеу барысында бейнежазбадағы қызметкердің кім екені анықталды, оқиғаның мән-жайын анықтау үшін тексеру жүргізілуде. Полиция бейнежазба түсірген адамнан ішкі істер органдарына ресми арыз түспегенін атап өтті.
«Қазір тексеру жүріп жатыр, оның қорытындысы бойынша полиция қызметкерінің әрекетіне құқықтық баға беріліп, кінәлі адамдар жауапқа тартылады. Заң талаптарын бұзатын полиция қызметкерлері қатысқан бейнетүсірілімдер жиілегенін ескеріп, қазіргі уақытта жеке құрам арасында тәртіп пен заңдылықты нығайту, азаматтардың конституциялық құқықтары мен заңды мүдделерін бұлжытпай сақтау, қызметтік және жауынгерлік даярлық жүйесінде азаматтарға құрметпен әрі ізгі ниетпен қарауды қалыптастыру мақсатында оқыту жүргізіліп жатыр. Қорытындылай келе, полиция қызметкерлері қоғамда әдепсіз, құрметсіз, дөрекі немесе орынсыз әрекет жасаса, сіздер құқық бұзушылықты фотоға не бейнеге түсіріп, Қызылорда облыстық ІІД өзіндік қауіпсіздік басқармасына немесе жергілікті полиция қызметіне арыз бере аласыздар, сондай-ақ 272874, 212604 сенім телефондарына хабарласа аласыздар», — деді Құдайберген Ержан.

