Қостанайдағы ҚМБПЧ филиалының директоры Анастасия Миллердің хабарлауынша, Қостанай қаласының №2 сотының тергеу судьясы Қостанай облысы прокуратурасының арнайы прокурорлар басқармасы басшысының Расим Байрамовқа қатысты азаптау туралы сотқа дейінгі тергеуді тоқтату жөніндегі қаулысының күшін жойды.
Еске салайық, бұл оқиғаға сегіз жыл болған. 2016 жылғы ақпанда Расим Байрамов өкпе қабынуынан және иммундық жүйесінің жалпы әлсіреуінен қайтыс болды. Туыстары оның өліміне полициядағы азаптау және колонияда заңсыз ұстау себеп болды деп санайды: сол жерде Расим бірнеше ауыр ауруға шалдыққан. Денсаулығына байланысты ол мерзімінен бұрын да босатылған еді.
Байрамов 2008 жылы дүкенді тонады деген күдікпен ұсталып, бес жылға сотталған. Оның сөзінше, полиция қызметкерлері оны азаптап, қылмысты мойындауға мәжбүр еткен. 2014 жылғы 14 мамырда БҰҰ-ның Азаптауға қарсы комитеті Расим Байрамовқа полиция тарапынан қатыгез қарым-қатынас жасалғанын таныды. Сот шешімімен Қостанай облысы ІІД оған моральдық зиян үшін 100 000 теңге өтемақы төледі.
Байрамов өзіне азаптау жасады деп айыптаған полиция қызметкерлері әлі күнге жауапқа тартылған жоқ. 2016 жылғы 21 шілдеде «Рудный қалалық ІІБ қызметкерлерінің әрекеттерінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамы болмауына байланысты» азаптау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу тоқтатылды.
— БҰҰ комитетінің шешіміне ғана сүйеніп адамдарды соттау конституцияға қайшы әрі жол беруге болмайтын әрекет екенін бәріміз түсінеміз, — деп сол кезде арнайы прокурорлар басқармасының басшысы Степан Жук түсіндірген.
Расимнің анасы Наталья Байрамова, адвокат Снежанна Ким және ҚМБПЧ филиалының директоры Анастасия Миллер тергеуді қайта бастауға қол жеткізетіндерін айтты. Ким Азаптауға қарсы комитет шешіміне сүйеніп, жоғарыда аталған қаулыны заңсыз деп танып, күшін жою жөнінде шағым жазды. Шағым қанағаттандырылып, іс қайта қозғалды. Бірақ құқық қорғаушылар прокуратурадан жаңа тосын шешімдер болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.
— БҰҰ ғана емес, істі тоқтату туралы қаулының күшін жойған ұлттық соттар да прокуратураны тиісті тергеу жүргізуге міндеттеді, — дейді Анастасия Миллер. — Азаптау фактісі бойынша тергеу сегіз жылдан бері жүріп жатыр, бірақ нәтиже жоқ. Мұнда Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пакт қайтадан бұзылып отыр деп айтуға болады. Бұл осы іс бойынша БҰҰ-ға қайталап шағым беруге негіз болуы мүмкін.
ДЕРЕККӨЗ:
http://www.ng.kz/modules/news/article.php?storyid=24092

