Жарияланымдар

Семей колониясында соққыға жығылған жігіт медициналық көмексіз отыр

Семейдегі қатаң режимдегі № 11 ОВ-156/14 колониясында жазасын өтеп жатқан 32 жастағы Ернат Қалқабаев ауыр азаптауға ұшырап жатыр, дейді анасы Қалдыгүл Бейсембиева. Ол Семейдегі «Нұ

2 мин чтения

Семейдегі қатаң режимдегі № 11 ОВ-156/14 колониясында жазасын өтеп жатқан 32 жастағы Ернат Қалқабаев ауыр азаптауға ұшырап жатыр, дейді анасы Қалдыгүл Бейсембиева. Ол Семейдегі «Нұр Отан» партиясы филиалының қоғамдық қабылдауына келген.

«Түрмеге барып, ұлымды танымадым. Өйткені денесінің сау жері қалмаған: түгел көгерген, ісіп кеткен. Ана болған соң жүрегім ауырады. „Бұл қалай болды, неге?“ деп сұрадым», — деп Қалдыгүл Бейсембиева көзіне жас алып, толқи әңгімеледі.

Әйелдің айтуынша, қорқып қалған ұлы 5 колония қызметкері басына қап кигізіп, ұзақ уақыт ұрып-соққанын айтқан. Алайда бұл туралы ешкімге айтпауын өтінген. Анасы ұлына медициналық көмек көрсетілер деген үмітпен кетіп қалған.

Бірақ 15 қаңтарда қайта келген әйел ұлына ешқандай көмек көрсетілмегенін байқаған. Керісінше, жағдайы нашарлаған: ол сөйлей де, тамақ іше де алмаған. Егер бұл рас болса, оның ішкі ағзалары зақымданған болуы мүмкін.

«Мен сол жерде болғанда, оған ешкім жақындамады. Сенбесеңіздер, бейнекамерадан оның қандай жағдайда болғанын көре аласыздар», — деді сотталған адамның анасы. «Оны ұрғанда, айқайлағанын бәрі естіген. Мұны маған кім айтқанын жариялағым келмейді. Ұлым қылмыс жасағаны үшін кінәлі, бірақ ол жазасын өтеп жатыр ғой. Неге оны осылай қорлайды? Не істерімді білмеймін».

Соңғы күндері қорыққан әйел бір мекемеден екіншісіне барып жүр. Прокуратура оның арызын қабылдап, Ернат Қалқабаевтың айғақтарын жазып алған. Бірақ анасы арыз қаралып жатқанда ұлы қайтыс болып кетуі немесе мүгедек болып қалуы мүмкін деп алаңдайды.

Қазір әйел адвокат іздеп жүр, алайда қаражаты шектеулі болғандықтан кімге жүгінерін білмейді. Адвокаттың көмегімен ұлына медициналық көмек көрсетілуін және оның Алматыдағы колонияға ауыстырылуын талап етпек.

Егер сотталған адамға азаптау қолданылғаны расталса, бұл Семейдегі қатаң режимдегі колонияға қатысты алғашқы дау болмайды. Екі жыл бұрын Семей колониясынан интернетке тараған адам шошырлық бейнежазба туралы Азаттық радиосы хабарлаған еді. Онда сотталғандардың бірінің басы жарылғаны, форма киген адамдардың күш қолданып, оны қорлай жауапқа алғаны көрінеді. Басқа науқас сотталғандар да осындай әрекеттерге ұшыраған: қолдарын артына қайырады, оларға айқайлап, балағаттайды, офицер резеңке қолғап киген саусағымен ауыз қуысын тексереді. Сотталғандарға егер осында емделгісі келмесе, қағазға қол қойып, өз түрмелеріне қайта кетуге болатынын айтып айқайлайды. Ауырып тұрғанын айтқан сотталғандар тағы да балағатқа, қорлау мен қоқан-лоқыға тап болады.

«Нұр Отан» партиясының қоғамдық қабылдауында әйелді Шығыс Қазақстан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы департаменті басшысының орынбасары Кенжебай Жұмабеков тыңдады. Ол жағдайды анықтауға уәде берді.

ДЕРЕККӨЗ:
http://semeyainasy.kz/в-колонии-семея-избитому-парню-не-пред/

Қазақстанның азаптауға қарсы ҮЕҰ коалициясының материалы