Жарияланымдар

Шиеленіскен жағдай

Өскемендегі колонияда сотталған адамның азаптауға шыдамай ішін шегемен тесіп алғанынан кейін мекеменің жеті қызметкеріне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Шығыс Қазақстанда түзеу меке

2 мин чтения

Өскемендегі колонияда сотталған адамның азаптауға шыдамай ішін шегемен тесіп алғанынан кейін мекеменің жеті қызметкеріне қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Шығыс Қазақстанда түзеу мекемесінің жеті қызметкеріне қатысты билігін және лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану дерегі бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр.

Осы жылдың қараша айының басында Адам құқықтары жөніндегі бюро кеңсесіне Гаухар Рахимбекова жүгінді. Оған ұлы Дархан Рахимбековтің Өскемендегі қауіпсіздігі барынша жоғары ОВ 156/2 колониясында жазасын өтеп жүрген кезінде мекеме қызметкерлерінен таяқ жеп, соның салдарынан өзіне қол жұмсауға әрекеттенгені хабарланған. Анасының айтуынша, ол Дарханның денсаулығы және құқық қорғау органдары оның өмірін қорғау үшін қабылдаған шаралар жөнінде толық ақпарат ала алмай отыр.

Мұны білген Бюроның Шығыс Қазақстан облыстық филиалының заңгерлері облыс прокуратурасы Арнайы прокурорлар басқармасының басшысы Асхат Ариновпен кездесті.

Кездесуде Дархан Рахимбековтің өзіне қол жұмсауға әрекеттенгені және қазір ауруханада жатқаны расталды. Қала прокуроры түзеу мекемесінің жеті қызметкеріне қатысты бірден «Билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану» бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған. Қазір тергеуді облыстық арнайы прокурорлар басқармасы жүргізіп жатыр.

Бұл баптың санкциясы бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді.

Асхат Ариновтың қосымша хабарлауынша, 2017 жылғы 11 қазанда Дархан Рахимбеков іш қуысын шегемен жарақаттаған. Содан кейін оны қалалық ауруханаға жеткізгенде, маңдайындағы қанталаған сырылған жаралар, қолындағы кісен іздері мен өкшесіндегі жарақаттар анықталған. Мұның бәрін сот-медицина сарапшысы тіркеген. Зардап шеккен сотталған адам тергеушілерге өзінің шын мәнінде ұрып-соғуға ұшырағанын, соның ішінде басын су толы ыдысқа батырып, тұншықтыруды имитациялау түріндегі азаптау қолданылғанын айтқан. Наразылық ретінде Дархан Рахимбеков ішін шегемен тескен.

Құқық қорғаушылардың пікірінше, егер колония қызметкерлерінің Дархан Рахимбековті ұрғаны ресми түрде расталса, олардың әрекетін ҚР Қылмыстық кодексінің 146-бабы — «Азаптау» бойынша қайта саралауға болады.

Мемлекет азаптау мен қатыгез қарым-қатынасқа «мүлдем төзбеушілік» саясатын жариялағанына қарамастан, Қазақстанның қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлерінің заңсыз әрекеттеріне қатысты шағымдар саны артып келеді. Бас бостандығынан айыру орындарында қоғамдық бақылау жүргізетін азаматтық қоғам өкілдері (ҰПМ қатысушылары мен ҚБК мүшелері) түзеу мекемелерінің сотталғандар үшін қауіпсіз орын емес екенін баяндамалары мен сөздерінде бірнеше рет атап өткен.

ДЕРЕККӨЗ:
https://bureau.kz/novosti/sobstvennaya_informaciya/zagvozdka_vyshla/

Қазақстанның азаптауға қарсы ҮЕҰ коалициясының материалы