Жарияланымдар

Шымкентте Сәния Жұбанышеваның қазасы: уақытша ұстау изоляторының қызметкерлері ұсталды

2 мин чтения

Ұсталғандардың бірі Мұхтар Шамсуддинов салғырттық жасады деген күдікке ілінген. Оның адвокаты Талғат Есімов бейнеүндеу жариялап, қайғылы оқиғаның себебін уақытша ұстау изоляторы кезекшісінің көмекшісінен емес, қылмыстық қудалаудың ертеректегі кезеңдерінде қабылданған процестік шешімдерден іздеу керек екенін айтты, деп хабарлайды Orda.kz тілшісі.

Адвокаттың айтуынша, қоғамда шу тудыру үшін кінәсіз адамды айыпты етіп көрсетіп отыр.

«Мәселенің түп-тамырына үңілу керек. Сәния Жұбанышеваны алғашында ұстауға кім жауапты болды? Тергеушінің қамауға алу туралы өтінішін сот алдында кім қолдады? Қамауға алуға кім санкция берді? Қыздың өз уәждерін кім елемеді? Мәселе осында көтерілуі тиіс. Уақытша ұстау изоляторы кезекшісінің көмекшісін кінәлі етіп көрсетудің қажеті жоқ», – деді адвокат Талғат Есімов.

Адвокаттың сөзіне қарағанда, Сәния Жұбанышева қабылдаған дәрі-дәрмек дәрігердің тағайындауымен басқа ұсталған әйелде заңды түрде болған. Қорғау тарабы мұны уақытша ұстау изоляторының ішкі тәртіп қағидаларына сай деп мәлімдейді.

«Шамсуддинов тергеуші емес, ол тек уақытша ұстау изоляторы кезекшісінің көмекшісі. Изоляторда 30-дан астам бейнебақылау камерасы бар. Ұсталғандардың бірі рұқсатсыз дәрі алып, оны қабылдаған сәтті түгел байқап отыру физикалық тұрғыдан мүмкін емес. Сәнияның жағдайы нашарлаған соң камераластары бірден есікті қаққан, изолятор қызметкерлері дереу жедел жәрдем шақырған. Сондықтан Мұхтар Шамсуддиновтың әрекетінен салғырттық қылмысының құрамын көріп отырған жоқпын», – деді Талғат Есімов.

Сонымен қатар адвокат қорғауындағы адамның қамауға алынуын негізсіз деп санайды және тергеу сотының қаулысы апелляциялық сатыда жойылады деп үміттенеді.

23 жастағы Сәния Жұбанышева кәмелетке толмаған адамның денсаулығына қасақана ауыр зиян келтірді деген күдікпен ұсталған. Сот оны қамауға алуға санкция беріп, қыз уақытша ұстау изоляторына қамалған. 15 мамырға қараған түні ол қайтыс болды.

Жуырда Сәния Жұбанышеваның анасы мен отбасының адвокаттары баспасөз мәслихатын өткізіп, істің егжей-тегжейін баяндады.

ДЕРЕККӨЗ:

Интернет-басылым Ulysmedia.kz

https://orda.kz/smert-sanii-zhubanyshevoj-v-shymkente-zaderzhany-sotrudniki-ivs-417343

Қазақстанның азаптауға қарсы ҮЕҰ коалициясының материалы