Жарияланымдар

Слекишина отырған тергеу изоляторында тағы бір сотталған әйел жүкті болған

2 мин чтения

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының департаменті мұның қандай жағдайда болғанын анықтап жатыр.

Алматы тергеу изоляторында Наталья Слекишинадан бөлек тағы бір әйел жүкті болған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Алматыдағы департаменті Informburo.kz басылымына 2013 жылғы желтоқсанда СИ-18 мекемесінде тағы бір сотталған әйелдің жүкті болғанын хабарлады.

Тергеу мұның қалай болғанын және Наталья Слекишинаға қатысты іс сияқты бұл әйелдің де зорланған-зорланбағанын тексеріп жатыр.

Ұлттық бюроның Алматы қалалық департаменті ҚР ҚК-нің 362-бабы («Билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану») бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізуде.

«Сотталған әйелдің жүкті болып қалуы фактісі бойынша іс Алматы қаласының прокуратурасынан келіп түсті. Қазіргі уақытта істің мән-жайларын жан-жақты, толық және объективті зерттеу әрі шындықты анықтау үшін тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр», — деп хабарлады департамент.

Түрмеде жүкті болған екінші әйел 2009 жылы сотталған. Колонияда жүргенде ол тағы бір құқық бұзушылық жасаған. Сол іс тергеліп жатқан кезеңде әйел Алматыдағы СИ-18 тергеу изоляторына жеткізілген. Ол осы уақытта жүкті болған.

2016 жылғы 30 қыркүйекте тергеу изоляторының қызметкері Руслан Хакимов жалпы режимдегі колонияда тоғыз жылға бас бостандығынан айыруға сотталды. Сот оны сотталған Наталья Слекишинаны зорлағаны, қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдаланғаны және азаптау қолданғаны үшін кінәлі деп таныды.

Тұтқындағы әйелді зорлау туралы оқиға алғаш рет сол жылдың маусымында белгілі болды. Наталья Слекишина қыз босанып, түзету мекемесінде топ болып зорлаудан кейін жүкті болғанын мәлімдеген.

Сотқа дейінгі тергеу аясында молекулалық сараптама іс фигуранттарының бірі — колония бақылаушысы Руслан Хакимовтың баланың әкесі екенін растады. Оның қамауға алынғанын бұған дейін Ұлттық бюроның Алматыдағы департаментінің баспасөз қызметі хабарлаған.

ДЕРЕККӨЗ:
https://informburo.kz/novosti/eshchyo-odna-osuzhdyonnaya-zaberemenela-v-sizo-gde-sidela-slekishina.html

Қазақстанның азаптауға қарсы ҮЕҰ коалициясының материалы