Жарияланымдар

Солтүстік Қазақстан колонияларында тұтқындарға тексерусіз диагноз қойылған

2 мин чтения

Солтүстік Қазақстан облысының прокурорлары өңірдегі колонияларда жазасын өтеп жатқан адамдарға медициналық қызмет көрсету саласынан көптеген заң бұзушылықты анықтады, деп хабарлады «KazINFO Today» тілшісі қадағалау органының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тексеру барысында колония дәрігерлерінің зертханалық және аспаптық тексерусіз диагноз қойғаны анықталды. Сондай-ақ медициналық құжаттарды тиісінше жүргізбеу, жарамдылық мерзімі өткен дәрілерді сақтау, санитариялық нормаларды бұзу, әртүрлі қауіптілік сыныбындағы медициналық қалдықтарды бір ыдысқа тастау және профилактикалық екпелердің белгіленген кезеңділігін сақтамау деректері тіркелген.

Прокуратура қызметкерлері колонияларда алкоголь мен есірткіге тәуелділікті мәжбүрлеп емдеу көбіне формалды сипатта деген қорытындыға келген.

«Иә, адам жарты жыл ішімдік ішпейді, бірақ бұл көбіне бас бостандығынан айыру орындарында ондай мүмкіндігінің болмауынан. ЕС-164/8 мекемесінде маскүнемдіктен мәжбүрлі ем алып шыққан екі адам биыл қайтадан мас күйінде қылмыс жасаған», — деді СҚО прокуратурасының жазасын өтеп жатқан адамдардың құқықтарын сақтауын қадағалау басқармасының басшысы Руслан Мамбетов.

Бұдан бөлек, облыстағы алты колонияның бәрінде дәрігер жетіспейді. Штаттағы 48 орынның 13-і бос. Тағы 35 адам толық емес мөлшерлемемен жұмыс істейді.

«Яғни іс жүзінде кадр тапшылығы 50 пайыздан асады. Дәрігерлер түзеу мекемелерінде жұмыс істеуге құлықсыз: мұнда моральдық-психологиялық жағдай ауыр, жеңілдіктер жоқ. Қылмыстық-атқару жүйесінің басқа қызметкерлеріне берілетін жалдамалы тұрғын үй өтемақысы медицина қызметкерлеріне қарастырылмаған. «Дипломмен — ауылға!» бағдарламасы бойынша мемлекеттік қолдау да жоқ. Жоғары оқу орнын бітірген маман ауылға барып, қарияларды емдеп, жеңілдік алғанды жөн көреді», — деді Руслан Мамбетов.

Солтүстік Қазақстан облысында қылмыстық-атқару жүйесінің алты мекемесі бар: тергеу изоляторы, әйелдер колониясы, қауіпсіздігі төтенше деңгейдегі екі мекеме, қоныс-колония және жалпы режимдегі колония.

ДЕРЕККӨЗ:
http://kazinfo.today/2016/12/04/30247/

Қазақстанның азаптауға қарсы ҮЕҰ коалициясының материалы