Жарияланымдар

Сотталғандарды азаптау расталмады, бірақ колония қызметкерлері тәртіптік жаза алды

2 мин чтения

Колонияның жауапты қызметкерлерінің бәрін тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы бұйрық шығарылды, деп жазды zakon.kz.

Солтүстік Қазақстан облысының қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлері тәртіптік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлады Zakon.kz СҚО бойынша мемлекеттік қызмет департаментіне сілтеме жасап.

24 қыркүйекте Агенттік пен Ұлттық бюроның Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменттері облыстық қылмыстық-атқару жүйесінің басшылық құрамымен және қызметкерлерімен кездесу өткізді.

Жұмыс кездесуінде өңірдегі түзеу мекемелерінің ахуалы талқыланып, қатысушылар сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың негізгі ережелерімен таныстырылды. Сондай-ақ сотқа дейінгі тергеп-тексеру нәтижелері бойынша ұсыныстар енгізу мәселелері қаралды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының департаментінде аса маңызды істер бойынша тергеуші Есенгелді Махамбетов қатысушыларды тиісті ұсыныспен таныстырды.

«Облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің тергеу басқармасы СҚО ҚАЖ департаментінің «ЕС 164/8 мекемесі» республикалық мемлекеттік мекемесінің лауазымды тұлғаларына қатысты сотталғандарға азаптау қолдану фактісі бойынша қылмыстық істі тергеді. Жәбірленушілердің арыздарына сәйкес, мекеме қызметкерлері оларды ұрып-соғып, әртүрлі дене жарақаттарын келтірген», — деді Махамбетов.

Тергеу барысында аталған жайттар расталмағандықтан, колония қызметкерлеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу тоқтатылды.

«Алайда сотталғандардың құқық қорғау органдарына жүгінуі, өзіне дене жарақатын салу фактілері және бар жарақаттар қылмыстық-атқару жүйесінде сотталғандарға азаптау мен зорлық көрсету тәжірибесінің бар екенін көрсетеді. Мұның өзі ішкі істер органдары қызметкерлерінің лауазымдық құқық бұзушылықтар жасауына жағдай туғызып, азаматтардың көз алдында құқық қорғау органдары қызметкерлері мен мемлекеттік қызметшілердің беделін түсіреді», — деп атап өтті Махамбетов.

Сондықтан колонияның барлық жауапты қызметкерлерін тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы бұйрық шығарылды. Оларға кәсіби деңгейін тұрақты түрде арттыру ұсынылды.

ДЕРЕККӨЗ: https://www.zakon.kz/4939200-pytki-k-osuzhdennym-fakt-ne.html

Қазақстанның азаптауға қарсы ҮЕҰ коалициясының материалы