ПЕТРОПАВЛ. ҚАЗАҚПАРАТ — Солтүстік Қазақстан облысында азаптаудың алдын алу шараларын күшейту мәселесі талқыланған жиын өтті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, жиында тіркелген азаптау фактілерінің көбеюі сөз болған.
«Өңірлік сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің соңғы екі жылдағы статистикасы Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркелген азаптау деректерінің тұрақты өсімін көрсетеді. 2018 жылы осы санаттағы 17 іс, 2019 жылы 19 іс өндірісте болды. Мұндай істерді тергеу полиция қызметкерлерінің заңсыз тергеу тәсілдерін қолдануы мүмкін екенін көрсетеді», — деді сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысының орынбасары Сергей Потанин.
Ведомствоның мәліметінше, тергеліп жатқан істерді талдау шағымдардың басым бөлігі полицияның жедел бөлімдері қызметкерлеріне қатысты түсетінін көрсетті. Полиция ғимараттарынан тыс жерде азаптау қолдану туралы да шағымдар бар.
«Бір іс бойынша ұрлық пен кісі өлтіруге күдікті адам полиция қызметкерлері оны елсіз жерге апарып, желкесіне тапанша тақап, мойындау жауабын беруге мәжбүрлегенін айтты. Қызметтік көліктің бейнетіркегішіндегі немесе қызметкерлердің кеуде камераларындағы жазбалар болса, өтініш иесінің уәждерін растау не жоққа шығару қиын болмас еді», — деді С. Потанин.
Облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Еңбек Сембин қызметкерлер арасында сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарына жол бермеу және теріс әрекет үшін жауапкершілік туралы түсіндіру жұмысын күшейтуге уәде берді.
ДЕРЕККӨЗ: https://www.inform.kz/ru/na-primenyayuschih-pytki-policeyskih-zhaluyutsya-zhiteli-sko_a3612584

