Еске салайық, 2018 жылғы 17 маусымда Степногорск қаласындағы ЕЦ 166/18 қатаң режимдегі колониядан 1992 жылы туған Ерболат Қасенов қашып шыққан. Ол бұл мекемеде 24 жылдық жазасын өтеп жатқан, деп хабарлайды «Көкшетау Азия» ақпарат агенттігі.
Сол күні сағат 19:30 шамасында оны «Бүркіт» арнайы бөлімшесінің қызметкерлері тауып, ұстады. Ұсталу кезінде ол бір ер адамды кепілге алған. Кейін анықталғандай, мұны өзін атып тастасын деген ниетпен әдейі істеген.
Осы оқиғадан соң Ақмола облыстық қоғамдық бақылау комиссиясының төрағасы Олжас Сыздықов сотталған адаммен кездесті. Қасенов оған шарасыздықтан қашқанын айтты. Оның сөзінше, өзі жасамаған кісі өлімі үшін 24 жылға сотталған. Бас прокуратурадан өтінішіне теріс жауап алғаннан кейін өзін атып тастайды деген үмітпен қашуға бекінген.
24 шілдеде «Көкшетау Азия» агенттігінің сайтында «Степногорск қаласының қатаң режимдегі колониясынан қашқан сотталған адам шарасыздықтан қоғамға үндеу жасады» атты мақала жарияланды. Қасенов үндеуінде полицейлер төрт күн бойы азаптағаннан кейін кінәсін мойындайтын құжатқа қол қойғанын айтты. Енді оның жалғыз үміті — істі қайта қарап, өзі айтқан жайттарды тергеу.
26 шілдеде, үндеу жарияланғаннан екі күн өткен соң, Ақмола облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департаменті Целиноград аудандық полиция бөлімінің қызметкерлеріне қатысты азаптау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.
Сондай-ақ Азаптауға қарсы коалиция Қасеновтің айтуынша оған азаптау қолданған полицейлерге қарсы тергеліп жатқан істе оның мүддесін қорғайтын тәжірибелі адвокат тарту мәселесін шешіп жатқаны белгілі болды.
Әділ ТӨЛЕПБЕРГЕНОВ

