Астана. 30 шілде. ҚазТАГ — Таразда қылмыстық іс бойынша куәні азаптаған екі полицейге үкім шықты, деп хабарлады ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі.
«Бұған дейін агенттіктің Жамбыл облыстық департаменті Тараз қалалық ішкі істер басқармасы (қазіргі полиция басқармасы — ҚазТАГ) криминалдық полиция бөлімінің жедел іздестіру бөлімшесінің бастығы, полиция капитаны С. Бейсекеев пен осы бөлімшенің жедел уәкілі, полиция лейтенанты А. Құдайбергеновке қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтаған. (…) 29 шілдеде Тараз қаласының №2 сотының үкімімен Бейсекеев пен Құдайбергенов қауіпсіздігі орташа мекемеде жазасын өтеумен үш жылға бас бостандығынан айырылды», — делінген сейсенбі күнгі хабарламада.
Сондай-ақ сотталғандар үш жылға дейін белгілі бір лауазым атқару және қызмет түрімен айналысу құқығынан айырылып, тиісінше полиция капитаны және лейтенанты арнайы атақтарынан айырылғаны хабарланды.
«Бейсекеев пен Құдайбергенов алдын ала сөз байласып, мойындау жауабын алу мақсатында қылмыстық іс куәсін азаптаған», — деп мәлімдеді агенттік.
ДЕРЕККӨЗ: https://kaztag.kz/ru/news/dvum-politseyskim-vynesli-prigovor-v-taraze-za-primenenie-pytok

