Шығыс Қазақстан облысының прокурорлары азаптау фактілерін арнайы тергеу алгоритмі бойынша қарауға ниетті екенін мәлімдеді. Олардың үмітінше, бұл азаптауға қатысты сотқа жеткізілетін қылмыстық істер санын арттырады.
2017 жылғы ақпанда Астанада өткен V түрме форумында Қазақстанның Бас прокуратурасы «Азаптаусыз қоғамға қарай» жобасының нәтижелерін — азаптаудың алдын алу, оны тергеу және зардап шеккендерді оңалту жөніндегі шаралар жоспарын таныстырған еді.
Жоспар ұзақ мерзімде жағдайды жақсартатын заңнамалық өзгерістермен қатар дәл қазір әсер ете алатын практикалық шараларды да қамтиды. Олардың ішінде азаптау туралы хабарларды тергеу тәсілдері бар.
11 тамызда Шығыс Қазақстан облысының прокурорлары семинарда жағдайды қазірден бастап жақсартуға мүмкіндік беретін тиімді тергеу алгоритмін әзірлеп, тәжірибеге енгізуді ұсынды.

Қылмысқа «мүлде төзбеушілік» және жазаның бұлтартпастығы қағидаттарын басшылыққа алған прокурорлар облыстағы азаптау туралы барлық арызды тергеуге шешім қабылдады. Бұл тергеудің тәуелсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ қылмыс дәлелдерін кідіріссіз бекітуге арналған әрекеттер тізбегі әзірленді.

Азаптау көбіне жасырын жасалатын қылмыс болғандықтан, дәлелдерді дер кезінде әрі сапалы жинау — тиімді тергеудің басты шарты. Осы шаралардың нәтижесінде прокурорлар сотқа жететін азаптау істері көбейеді деп күтеді.
Талқылауға жергілікті адвокаттар да қатысты. Олар азаптаудан зардап шеккен адамдардың мемлекеттік органдардан азаматтық тәртіппен өтемақы алуына көмектесуде маңызды рөл атқарады.
Іс-қимыл алгоритмі халықаралық стандарттарға, соның ішінде азаптауды және өзге де қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын қарым-қатынас пен жазалау түрлерін тиімді тергеу және құжаттау жөніндегі халықаралық нұсқаулық — Ыстанбұл хаттамасына негізделген.
Еуропалық Одақтың «Қазақстанда қылмыстық сот төрелігін жетілдіру» (EUCJ) жобасы бұл жұмысқа, сондай-ақ Бас прокуратураның «Азаптаусыз қоғамға қарай» жобасын іске асыруға сарапшылық қолдау көрсетті. ЕО жобасы ұлттық сарапшылардың қатысуын қамтамасыз етті: Ыстанбұл хаттамасы бойынша маманданған психолог Светлана Черникова және азаптау істерін, оның ішінде өтемақы мәселелерін жүргізуде мол тәжірибесі бар Қостанай облыстық адвокаттар алқасының адвокаты Снежана Ким.

Толығырақ ақпарат алу үшін байланысатын тұлға —
ЕО жобасы — Назгүл Ерғалиева (nyergalieva@nico.org.uk)

