Жарияланымдар

«Терроризм» үшін сотталған Оңтүстік Қазақстан облысы тұрғынының туыстары азаптау туралы мәлімдеді

2 мин чтения

Шымкентте «терроризм» айыбымен сотталған азаматтың туыстары оның ұсталғаннан кейін азапталғанын мәлімдеді. 15 ақпанда Сарыағаш аудандық соты 43 жастағы жергілікті тұрғын Рафхат Агаевты «Араздық қоздыру» және «Терроризмді насихаттау немесе терроризм актісін жасауға жария түрде шақыру» баптары бойынша кінәлі деп танып, бес жылға бас бостандығынан айырған. 28 мамырда Шымкентте өткен баспасөз мәслихатында туыстары оның үстінен жалған айғақ берілгенін және ұсталған соң азаптауға ұшырағанын айтты.

«2017 жылғы 14 ақпанда үйіме ондаған адам баса-көктеп кіріп, ұлымды алып кетті. Сот қамауға алуға санкция бергенге дейін Сарыағаш ауданындағы Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінде ұлыма қысым көрсетіліп, оны ұрып-соқты, азаптады. Сотқа оны екі адам сүйемелдеп, көтеріп кіргізді», — деді сотталған азаматтың анасы Нұрия Агаева.

Ол ұлына тағылған айыптарды ойдан шығарылған деп есептейді және сотта оның экстремистік материалдар таратқаны жөнінде дәлел келтірілмегенін айтады. Сотталған азаматтың жары Нилюфар Агаева тергеу құжаттарындағы күйеуінің қолтаңбалары қолдан жасалғанын мәлімдеді.

«Күйеуімді діни материалдарды флеш-жинаққа жазып, таратты деп айыптап отыр. Ол дәстүрлі емес діни ағымдарды насихаттайтын адам емес. Такси жүргізушісі болып жұмыс істеп, отбасын асыраған қарапайым адам еді. Сотта денсаулығы нашарлағанын, қан құсатынын айтты. Өзіне тағылған айыптарды мойындамады», — деді Нилюфар Агаева.

Рафхат Агаевтың туыстары сот шешіміне апелляциялық шағым түсіргенін хабарлады.

Қазақстанның адам құқықтары жөніндегі бюросының Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының директоры Әділ Сейтқазиевтің айтуынша, бюро Рафхат Агаевқа азаптау қолданылды деген мәлімет бойынша облыстық прокуратураға жүгінген. Жауап хатта прокуратура бұл өтініш туралы Ұлттық қауіпсіздік комитетіне хабарлағаны көрсетілген.

ДЕРЕККӨЗ:
https://rus.azattyq.org/a/29254885.html

Қазақстанның азаптауға қарсы ҮЕҰ коалициясының материалы