Атырау қалалық ішкі істер басқармасының криминалдық полициясының бұрынғы бастығы Нұрболат Қабдешев пен аға жедел уәкіл Бейбіт Шалтенов тергеу изоляторынан босатылды.
19 қазанда Нұрболат Қабдешев пен Бейбіт Шалтеновке бұлтартпау шарасы ретінде кепіл қолданылған. Уақытша бостандыққа шығу үшін лауазымды полицейлер Hyundai Tucson көлігі мен тұрғын үйді кепілге қойған. Алайда тура бір аптадан кейін облыс прокуроры орынбасарының наразылығы бойынша Атырау облыстық соты күдіктілерге қатысты кепілді қамауға ауыстырған.
«Сол кезде Қабдешев пен Шалтенов істің объективті тергелуіне кедергі келтіргені хабарланған. Полиция басшылары тергеу изоляторына жіберілді, бірақ бір ай да өтпей қайта бостандыққа шықты», – деп хабарлайды ATPress.kz.
Бас прокуратура құрған ведомствоаралық тергеу-жедел тобы Атырау қалалық ішкі істер басқармасының екі қызметкерін қылмыстық жауапқа тартқан. Тергеуге қалалық ІІБ криминалдық полициясының бұрынғы бастығы Нұрболат Қабдешев пен аға жедел уәкіл Бейбіт Шалтенов ілінген. Оларға Қылмыстық кодекстің бұрынғы редакциясындағы 308-бап – «Билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану» бойынша айып тағылған.

Полицейлердің босатылғанын Қабдешевті қорғайтын адвокат Нұрлан Жолболов растады.
Ол сондай-ақ бұлтартпау шарасын өзгертуге тергеу-жедел тобы басшысының Атырау облыстық прокуратурасы бекіткен өтінішхаты себеп болғанын хабарлады. Бұл жолы қолданыстағы заңнамаға сәйкес сотсыз шешілген. 16 қарашада Шалтенов пен Қабдешев жоғарыда аталған мүліктік кепілмен қайтадан тергеу изоляторынан босатылған.
«24 қарашада қорғауымыздағы адамдарға тағылған әрекеттер Қылмыстық кодекстің жеңілірек «Лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану» бабына қайта сараланды», – деді адвокат.
Полиция қызметкерлері Бас прокуратура бұрынғы полицей Манарбек Өтеуовтің ашық хаты жарияланғаннан кейін жүргізген тергеу аясында ұсталған. Бұрын қалта ұрлықтарын ашу бөлімін басқарған Өтеуов басшылары мен әріптестерін көптеген қылмыс жасады деп айыптап, кейбірін егжей-тегжейлі сипаттап жазған.
«Полиция ауласының құпиялары» жарияланымы қоғамда кең резонанс туғызды. Көп ұзамай хатта аталған мекемелер ресми теріске шығарулар жариялаған.
Соған қарамастан, жарты жыл ішінде Бас прокуратураның тергеу тобы полиция қызметкерлері арасынан бірқатар лауазымды тұлғаны қылмыстық жауапқа тартқан. Ал Өтеуовтің өзі бірнеше ауыр қылмыс жасағаны үшін 22 жылға бас бостандығынан айырылған.

