Жарияланымдар

Заречныйдағы колонияның бес қызметкері уақытша ұстау изоляторына қамалды — ІІМ

1 мин чтения

Мекеме бастығы мен оның екі орынбасары қызметінен босатылды.

Алматы облысындағы түзеу мекемесінде сотталғандарға күш қолдану бейнежазбалары тараған соң, ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың тапсырмасымен өңірге арнайы комиссия жіберілді, деп хабарлады ІІМ баспасөз қызметі.

«Мекеме қызметкерлері мен олардың басшыларының күш қолдану фактілері бойынша қылмыстық істер қозғалды», — деп келтірді баспасөз қызметі Тұрғымбаевтың сөзін.

Сондай-ақ «тергеудің объективтілігі үшін жиналған іс материалдары прокуратураға жолданғаны», «оқиғаға қатысқандардың және оған жол бергендердің әрекетіне құқықтық баға берілетіні» хабарланды.

ІІМ мәліметінше, қызметтік тергеу нәтижесінде 14 қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылып, олардың жетеуі жұмыстан шығарылған. Мекеме бастығы мен оның екі орынбасары қызметінен босатылған, бес қызметкер уақытша ұстау изоляторына қамалған.

«Тергеу мүддесіне байланысты зардап шеккен сотталғандар басқа колонияға ауыстырылды. Қазір қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлерінің осындай қылмыс пен құқық бұзушылық жасауына алғышарттарды жою бойынша жүйелі шаралар қабылданып жатыр», — деп қосты ІІМ.

Бұған дейін хабарланғандай, Алматы облысындағы Заречный кентінде орналасқан ЛА-155/8 мекемесінің бастығы қызметінен босатылып, тағы жеті қызметкер сотталғандарды азаптағаны үшін жұмыстан шығарылған. Бір сотталған адамды еденге жығып, екіншісін қолынан асып қойып, шағым жазбауды талап еткен бейнежазба бұған дейін YouTube желісінде жарияланған еді.

ДЕРЕККӨЗ: https://vlast.kz/novosti/34566-5-sotrudnikov-kolonii-v-zarecnom-vodvoreny-v-ivs-mvd.html

Қазақстанның азаптауға қарсы ҮЕҰ коалициясының материалы