Астанада Шығыс Қазақстан облысынан келген зейнеткерлер — 75 жастағы Владимир мен 71 жастағы Валентина Тарасовтар — елордадағы үкімет ғимараттарының маңында өткен аптада еш себеп түсіндірместен өздерін ұстаған полицейлердің әрекетіне қатысты Қазақстанның Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратурасына шағымданды. Олардың айтуынша, 3 ақпанда «полицияның заңсыз ұстау жөніндегі озбырлығы» салдарынан №13 полиция бөлімінде үш сағат отырған.
Тарасовтар Астанаға бір апта бұрын келген. Олардың сөзінше, ШҚО полициясы 2013 жылғы ақпанда қайтыс болған 39 жастағы ұлы, кәсіпкер Григорий Тарасовтың өлімін тергеу жөніндегі қылмыстық істі тағы да тоқтатпақ болған. Бұл іс бірнеше рет жабылып, қайта ашылған. Тарасовтар ұлдарының өлім мән-жайын тергеуді талап етіп, бұған дейін де наразылық акцияларын өткізген. Олар ұлын өлтірді деп есептейді, ал тергеу органдары Григорий Тарасов жазатайым оқиғадан қайтыс болған деген ұстанымда.
Владимир мен Валентина Тарасовтар өткен жұмада Қазақстан президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның хатшысы Тастемір Әбішевпен кездесуге бара жатқанда үкімет ғимараттарының маңында ұсталған. Полицейлер олардың жолын бөгеген.
— Біз оларға [полицейлерге] қайда және не үшін бара жатқанымызды түгел түсіндірдік, бірақ ешкім тыңдамады да, жауап та бермеді. Сонда мен: сіздер бізді плакаттарымызды өзімізге іліп алуға мәжбүрлеп тұрсыздар дедім. Біз айғайламаймыз ғой, тек бізді, өтініштерімізді көрсін, осында тұрамыз. Сөмкеден бір плакатты алып, әйелім Валентина Федоровнаға ілмек болдым. Құдайым-ай, содан кейін сұмдық басталды! Майор плакатты қолымнан жұлып алды. Екеуміздің де қолымызды қайырды, әйелім жылады. Сосын оның сырт киімін — мамық күртесін — шешіп тастап, арқасы жалаңаш күйде оны қардың, бетонның үстімен сүйреп, баспалдақтан төмен түсіріп, одан кейін «қара көлікке» дейін бетонмен жиырма метрдей сүйрегенін көрдім, — дейді Владимир Тарасов.
Зейнеткерлер шағымында Астанадағы өздерін заңсыз деп санайтын ұстауды және еш себеп түсіндірместен №13 полиция бөлімінде қамауда ұстауды жан-жақты тергеуді сұрайды. Астана полицейлері Азаттыққа бұл іс бойынша түсініктеме бермеген.
ДЕРЕККӨЗ:
http://rus.azattyq.org/a/28294182.html

