Жарияланымдар

Жәбірленушілерге өтемақы төлеу қорына 250 миллион теңгеден астам қаражат түсті

2 мин чтения

Жәбірленушілерге өтемақы төлеу қорына 250 миллион теңгеден астам қаражат түсті, деп хабарлайды Tengrinews.kz Қазақстан Бас прокуратурасына сілтеме жасап.

Осы жылдың 1 шілдесінен бастап республика бойынша сотталғандардан қорға 250 миллион теңгеден астам қаражат өндірілді. Сол күні Қылмыстық кодекстің 98-1 және 98-2-баптары («Мәжбүрлі төлем» және «Мәжбүрлі төлем мөлшері»), сондай-ақ «Жәбірленушілерге өтемақы төлеу қоры туралы» заңның қорды қалыптастыру тәртібін реттейтін кейбір нормалары күшіне енген еді.

Қор зардап шеккендерге қажетті материалдық көмекті жедел көрсету үшін құрылған. Ол сот айыптау үкімін шығарған кезде кінәлі адамдардан өндірілетін мәжбүрлі төлемдер есебінен қалыптасады. Төлем мөлшері қылмыстың ауырлығына қарай 5-тен 30 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін болады.

Бұдан бөлек, қор сот белгілеген процестік бұзушылықтар үшін өндірілген қаражатпен және түзеу жұмыстары түріндегі жазаны өтеп жатқан сотталғандардан ұсталған сомалармен толықтырылады.

Заңда қаражат жинаудың екі жылдық кезеңі көзделген. Өтемақы төлеу 2020 жылғы 1 шілдеден басталады. Оған сексуалдық зорлық-зомбылыққа ұшыраған кәмелетке толмағандар, адам саудасы мен азаптау құрбандары, қылмыс салдарынан денсаулығына ауыр зиян келгендер, оның ішінде АИТВ жұқтырғандар, сондай-ақ жәбірленуші қайтыс болған жағдайда оның заңды өкілдері үміткер бола алады.

Қаражат жәбірленушіге қатысты жасалған құқық бұзушылық санатына байланысты 30-дан 50 АЕК-ке дейінгі біржолғы төлем ретінде беріледі. Бұл зардап шегушінің кінәлі адамнан толық зиянды кейін өндіру құқығын шектемейді.

ДЕРЕККӨЗ: https://tengrinews.kz/kazakhstan_news/svyishe-250-millionov-tenge-postupili-fond-kompensatsii-358557/

Қазақстанның азаптауға қарсы ҮЕҰ коалициясының материалы