Жарияланымдар

Жанашырлық танытуды қателік деп атағанда

3 мин чтения

Ауыр қылмыс үшін сотталған адамның қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде қаза табуы мемлекеттің міндеттерін жоққа шығармайды және адамдық қадір-қасиетін жоққа шығаруды ақтамайды

Атыраудағы түзеу мекемесінде сотталған адамның қаза болуына қатысты жарияланымдар адам құқықтары тұрғысынан маңызды сұрақтар туғызады. Бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша 2026 жылғы 22 наурызда Атыраудағы түзеу мекемесінде сотталғандар арасындағы жанжал салдарынан олардың бірі қаза тапқан. Өлім дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатыр. Кейін «Ақ Жайық» интернет-басылымында материал, жарияланып, онда қаза болған адамды жерлеуге көп кісі келгеніне, олардың оның қандай қылмыстар үшін сотталғанын білмегеніне баса назар аударылды («Атырауда колонияда өлтірілген адамның не үшін сотталғанын білместен жаназасына жүздеген адам келді», 6 мыңнан астам қаралым).

Адам құқықтары тұрғысынан мұндай тәсілді дұрыс деуге болмайды. Адам қандай ауыр қылмыс үшін сотталса да, адам құқықтарының иесі болып қала береді. БҰҰ-ның Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактісі бостандығынан айырылған барлық адамға ізгілікпен қарап, олардың адамдық қадір-қасиетін құрметтеуді тікелей талап етеді. Бұл ереже ешбір ерекшеліксіз қолданылады және жасалған қылмыстың сипатына тәуелді емес.

Сондықтан мұндай жағдайда жұртшылық пен журналистердің назарында марқұмның моральдық келбеті немесе неліктен оған жанашырлық танытудың қажеті жоқтығын түсіндіруге тырысу емес, мемлекет толық бақылау жүргізетін қамау орнында адамның қалай қаза тапқаны туралы мәселе тұруға тиіс. Адам қамауда болса, оның өмірі мен қауіпсіздігіне, өзге адамдардың зорлығынан қорғалуына мемлекет айрықша жауап береді. Бұл – әрбір тұтқынның өмір сүру құқығын құрметтеу және оған ізгілікпен қарау міндетінен туындайтын адам құқықтарының негізгі стандарты.

Істің процестік жағы да кем емес маңызды. БҰҰ-ның халықаралық стандарттарына сәйкес, заңсыз болуы ықтимал кез келген өлім шұғыл, тиімді және негізсіз кідіріссіз тергелуі керек. БҰҰ-ның Миннесота хаттамасы (2016 жыл) билік тергеуді мүмкіндігінше тез бастауға міндетті екенін және тергеу жүргізу міндеті өмір сүру құқығын қорғаудың ажырамас бөлігі екенін тікелей көрсетеді.

Демек, құқық қорғау тұрғысынан сұрақ басқаша қойылуы тиіс. Қоғам түзеу мекемесінің әкімшілігі зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін жеткілікті шара қабылдады ма, марқұмның өміріне бұған дейін қауіп төнді ме, мекемеде қауіпсіздік қалай ұйымдастырылды, қызметкерлер тарапынан заң бұзушылық болды ма, барлық қажетті кепілдіктермен тәуелсіз әрі тиімді тергеу жүргізіле ме – осының бәрін білуге құқылы. Адам құқықтарын қорғаудың халықаралық стандарттарына дәл осы сұрақтар сай келеді.

Мұндай ақпарат берудің адамды қадір-қасиетінен айыратын әсері де ерекше алаңдаушылық туғызады. Қамаудағы адамның өлімі оның жасаған қылмысына байланысты оған жанашырлық таныту «қателік» болды деген қоғамдық ишарамен қатар жүрсе, бұл адам құқықтарының әмбебаптығына нұқсан келтіреді. Адам құқықтары тек «жақсы» немесе «ыңғайлы» адамдарға емес, баршаға, соның ішінде ауыр және қоғам айыптайтын қылмыстар үшін сотталғандарға да тиесілі. Адамдық қадір-қасиеттің сөзсіз сақталуға тиіс қағидат болуының мәні осында.

Сонымен қатар мұндай жағдайларда марқұмның туыстарының құқықтарын құрметтеу қажет. БҰҰ-ның Миннесота хаттамасы отбасылардың өлім себептері мен мән-жайлары, мәйіттің орналасқан жері мен күйі туралы ақпарат алу құқығын және шындықты білу құқығын атап өтеді. Бұл қайғылы оқиғаларды жария талқылау марқұмды қаралау мен қамау орындарындағы зорлықты жанама ақтауға емес, ақиқатты анықтауға, жауапкершілікке және мұндай жағдайдың қайталанбауына кепілдік беруге негізделуге тиіс дегенді білдіреді.

Біздің ұстанымымыз мынадай. Біріншіден, қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде адамның өлтірілуі – барынша салмақты құқықтық баға беруді талап ететін төтенше оқиға. Екіншіден, сотталған адамның өткені мен жасаған қылмысының сипаты мемлекетті оның өмірі мен қадір-қасиетін қорғау міндетінен босатпайды. Үшіншіден, осындай оқиғаларға арналған қоғамдық пікірталас пен журналистік материалдар қайтыс болған адамды өмірден өткеннен кейін адамдық қасиетінен айыруға емес, адам құқықтарының сақталуына қоғамдық бақылау жасауға бағытталуы тиіс.

Қазақстанның азаптауға қарсы ҮЕҰ коалициясының материалы