21 ақпанда «Трибуна. Саяси қалам» газетінің бас редакторы Жанболат Мамай №18 тергеу изоляторынан өзін ұрып-соққандарын, ақша бопсалап жатқандарын және өміріне қауіп төніп тұрғанын хабарлады.
«Жеке қауіпсіздігімді қамтамасыз ету үшін шұғыл шаралар қабылдауды сұраймын. Жұма кешіне дейін №81 камерада карантинде болдым, содан кейін №197 камераға ауыстырды. Мені қауіпсіз жерге, тіпті жеке камераға көшіруді сұраймын. Өмірім мен қауіпсіздігім үшін қорқамын», — деп жазды Ж. Мамай адвокаты Жанар Балғабаеваға жолдаған арызында.
Сонымен қатар ол «Трибуна. Саяси қалам» редакциясының қызметкері Инга Иманбайға хат берген.
«Түрме камерасында мені ұрғанын мәлімдеймін. Өз-өзіме қол жұмсау ниетім жоқ. Маған бірдеңе болса, бұл кісі өлтіру болып саналады. Өмірім үшін қауіптенемін. Маған түрменің кез келген камерасында жетеміз деп нақты айтты, бұл әзіл емес. Камерада мені ұрды. 200 мың теңге талап етеді. Айтқанымнан бас тартуымды сұрайды», — делінген хатта.
Журналист Сергей Дуванов Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазғандай, Ж. Мамайды асып өлтіреміз деп қорқытып, бұрын берген айғақтарынан бас тартуға мәжбүрлеп жатқан көрінеді.
Осыған байланысты Қазақстанның азаптауға қарсы ҮЕҰ коалициясының құрамындағы Қазақстан халықаралық адам құқықтары және заңдылықты сақтау бюросы Жанболат Мамайдың тергеу изоляторындағы ұрып-соғылу жағдайларын анықтау және қамауда отырған журналистке төнген қатердің алдын алу үшін шұғыл шаралар қабылдауда.
Еске салсақ, 10 ақпанда «Саяси қалам. Трибуна» газетінің редакциясында және бас редакторы Жанболат Мамайдың үйінде тінту жүргізілген. Сол күні Ж. Мамай Ұлттық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бюросының қызметкерлерімен «БТА Банкінің» қаражатын Мұхтар Әблязовтың жымқыруы туралы істі тергеу аясында ұсталды.
11 ақпанда Алматының Медеу аудандық соты Жанболат Мамайды екі айға қамауға алуға санкция берген.
Ұсталғанға дейін Жанболат көпшілік алдында мәлімдеме жасаған:
«Мен, Жанболат Мамай, өзіме тағылған айыптар бойынша кінәлі емеспін деп есептеймін. Өмірімде ешқашан бизнеспен немесе қаржы қызметімен айналысқан емеспін. Бұл қудалауды журналистік қызметім үшін саяси себеппен жасалған қысым, «Трибунаны» жабуға ұмтылыс деп санаймын».
20 ақпанда Алматы қалалық соты Ж. Мамайдың апелляциялық шағымын қанағаттандырмай, қамауды кепілге ауыстырудан бас тартқан.
ДЕРЕККӨЗ:
http://www.adilsoz.kz/news/show/id/2267

