Жарияланымдар

Жол ережесін бұзғаны үшін ұсталған адам жауап алу кезінде қайтыс болды

3 мин чтения

Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданындағы Қаратұма ауылының 53 жастағы тұрғыны Рақымберді Қыдырмолдин Аягөз қаласындағы ішкі істер бөлімінде ұсталып, жауап алынғаннан кейін қайтыс болды.

Ер адамның жұбайының айтуынша, қайғылы жағдай 18 маусымда болған. Таңертең ерте күйеуі төрт туысымен бірге өз көлігімен туған ауылынан Аягөзге ас беруге шыққан. Қалада бір бағытты көшеде абайсызда қарсы қозғалыс жолағына шығып кеткен. Ауыл тұрғынының көлігін патруль тоқтатқан.

«Бастапқыда күйеуім патрульдік полиция көлігінде отырды. Сол жерде дәл сондай ереже бұзған тағы бір жүргізушіні тоқтатып, полицейлер хаттама жасап, жібере салды. Одан кейін менің күйеуімді полиция көлігімен белгісіз жаққа алып кетті. 30 минуттан соң қайтып келгенде Рақымберді қатты еңсесі түскен, бозарып, абдырап қалған еді», — деді Сандуғаш Алдажарова.

Содан кейін жол ережесін бұзған адам жүрегі ауыратынына шағымданса да, оны Аягөз аудандық ішкі істер бөліміне жеткізген. «Бұл шамамен таңғы 9.30 еді. Ішкі істер бөлімінің алдында күткен туыстары кезекшіден әр 15 минут сайын ұсталған адамның қайда екенін және қашан босатылатынын сұрады. Бірақ жарты сағаттан кейін бөлімге жедел жәрдем келіп, шамамен 20 минут болды. Тек төрт сағат өткенде, сағат 14.00-де, бізге күйеуімнің тергеуші кабинетінде кенеттен қайтыс болғанын, денесінің мәйітханаға жеткізілгенін айтты», — деп еске алады әйел.

«Полицейлер оларды мазақ қылғандай болды. Ол адамдар 60, 65, 70 жаста, ал таңертеңнен кешкі сегізге дейін полиция бөлімінің алдында аш отырған», — деп ашуланды басылым сұхбатшысы.

Кейін дәрігерлер аудандық ішкі істер бөліміне ер адам қайтыс болғаннан кейін ғана келгені белгілі болған. Туыстары Рақымберді жедел жәрдем келгенше қайтыс болса, дәрігерлер полиция бөлімінде 30 минутқа жуық не істегенін және медициналық қызметкерлер келгенше полицейлер неге көмек көрсетпегенін сұрайды.

Рақымберді Қыдырмолдиннің туыстары оның өліміне қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланған полицейлер кінәлі деп есептейді. Олар полиция бұл істі «жауып тастауға» тырысады деп алаңдайды.

«Жол ережесін бұзған адамды аудандық бөлімге неге алып бару керек болды? Неге оқиға орнында хаттама жасамады? Күйеуімді негізсіз үш сағаттан астам ұстап, не үшін жауап алды? Күйеуім полицейлердің қысым көрсетуінен жүрек талмасына ұшырады. Ол жауапты, тәртіпті жүргізуші әрі азамат еді ғой, қылмыскер емес!» — деді марқұмның әйелі.

Марқұмның туыстары патруль көлігінде түсірілген бейнежазбаны көрсетуді де сұраған. Басылым дерегінше, полиция қызметкерлері түрлі сылтаумен Қыдырмолдиннің отбасына жазбаны көрсетпей отыр.

Аягөз аудандық полиция қызметкерлері 20 маусымда өткен Рақымберді Қыдырмолдиннің жерлеуіне келген. «Құқық қорғау органдары отбасыға көңіл айтып, жағдайды түсіндіруге тырысты, бірақ марқұмның туыстары қойған сұрақтарға жауап бере алмады», — делінген мақалада.

ДЕРЕККӨЗ:
tengrinews.kz
https://tengrinews.kz/events/zaderjannyiy-narushenie-pdd-skonchalsya-vremya-doprosa-smi-321038/

Қазақстанның азаптауға қарсы ҮЕҰ коалициясының материалы