Даниил Романовтың ақталуына қатысты үкімге шағым жасалады.
Оралда полиция қарбыз сатушы, 21 жастағы Елнұр ҚАЖДЕНОВТЫ өлтірген адамды іздеп жатыр, бірақ осы қылмысқа айыпталып, кейін толық ақталған 1-топтағы мүгедектігі бар 17 жастағы Даниил РОМАНОВТЫ азаптау фактісін тергеп жатқан жоқ.
Бейсенбі, 1 ақпанда, Батыс Қазақстан облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте журналистер ішкі істер департаментінің басшыларынан уақытша ұстау изоляторында (УҰИ) жатқан Романовты азаптаған полицейлердің аты-жөнін және лауазымын атауды сұрады.
Еске салайық, жасөспірімнің анасы әрі соттағы қоғамдық қорғаушысы Жанна ХИЗРЕЕВА (А.З. — редакция ескертпесі) мен Романовтың өз мәлімдемелеріне сәйкес, баланың жігерін сындыру үшін изоляторда оған анасы жол апатынан қаза тапты деп жалған хабар берген.
Ал сотта жасөспірімнің айтуынша, жауап алу кезінде оған презерватив кигізілген таяқпен сексуалдық сипаттағы зорлық жасаймыз деп қорқытқан. Содан қорқып ол жалған жауап беруге мәжбүр болған.
— Бұл қылмыстық істі бұрмалағаны үшін қандай полиция қызметкерлері жауапқа тартылады, жасөспірімді азаптау мен қызметкерлеріңіздің моральдық қысым көрсетуі қалай тергеліп жатыр? Жауапқа тартылатындардың аты-жөні мен лауазымдарын айтыңыздар, — деді журналистер.
— Бұқаралық ақпарат құралдарындағы азаптау болды, тергеу жүріп жатыр деген мәліметтерге қатысты сауал сыбайлас жемқорлыққа қарсы бюроға бағытталуы тиіс, — деп жауап берді ішкі істер департаменті бастығының тергеу жөніндегі орынбасары Берік АЙМҰРЗИН.
Спикер департаменттің ішкі қауіпсіздік қызметі жәбірленушілердің шағымы бойынша өз тергеуін жүргізген-жүргізбегенін айтпады. Бірақ полиция шын қылмыскерді іздеп жатыр ма деген сұраққа оң жауап берді.
— Әрине. Екінші адамды анықтау жөніндегі іс жеке өндіріске бөлініп, жедел-тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр. Күдіктілер бар ма? Бұл — тергеу құпиясы, — деді Аймұрзин.
Брифингте тағы бір елең еткізер жаңалық айтылды: Батыс Қазақстан облысының ауданаралық қылмыстық сотының судьясы Нұрлан ҒҰБАШЕВ 2017 жылғы 16 желтоқсанда Даниил Романовты ақтау туралы шығарған үкімге шағым түсірілмек.
— Ақпарат үшін айтайық, прокуратура ақтау үкіміне наразылық келтірді. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ, — деді журналистерге.
Баспасөз конференциясында Батыс Қазақстан облысы Бөрлі ауданының бұрынғы әкімі Қайырғали ИМАШЕВТІҢ үйінде жақында болған қайғылы оқиғаның мән-жайы да белгілі болды.
Еске салсақ, 21 қаңтарда ол үйде мылтықпен ойнау кезінде жасөспірім ауыр жараланған.
— Зардап шеккен жасөспірім — біздің қызметкеріміздің, ішкі істер департаменті бастығының тылдық қамтамасыз ету жөніндегі орынбасарының баласы, — деп Ratel.kz сұрағына департамент бастығының орынбасары Асылғали МЕҢДІҒАЛИН жауап берді.
— Бұл таза абайсыздық, — деп толықтырды Берік Аймұрзин. — Екі жасөспірім жеке үйде жалғыз қалған. Олар сейфтің кілтін алып, ішінен шағын калибрлі мылтықты шығарып, аулада атқан. Бір кезде жасөспірімдердің бірі абайсызда оқ шығарған.
Осы факт бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Екінші қылмыстық іс мылтық иесіне — қаруды салғырт сақтағаны үшін қозғалған. Бала әлі де ауыр жағдайда жатыр.
Ішкі істер департаментінің өкілі тергеу нәтижелері туралы міндетті түрде айтып беруге уәде етті.
ДЕРЕККӨЗ:
http://ratel.kz/raw/izdevatelstva_nad_17_letnim_invalidom_mogut_sojti_politsii_s_ruk

