Жарияланымдар

«Әр бір жарым күнде бір сотталған адам көз жұмады»: құқық қорғаушылар өмір сүру құқығының қорғалуын зерттеді

2 мин чтения

Қазақстанда статистика бойынша әрбір бір жарым күн сайын темір тордың ар жағында бір сотталған адам суицидтен, азаптаудан немесе туберкулезден көз жұмады. Бұл мәліметті «Халықаралық құқықтық бастама» қоғамдық қорының тәуелсіз сарапшысы Амангелді Шорманбаев Сыртқы істер министрлігі жанындағы консультативтік-кеңесші органның «Адами өлшем жөніндегі диалог алаңы» отырысында айтты.

Мұндай көңіл көншітпейтін сандардың жариялануына құқық қорғаушылардың елдегі өмір сүру құқығын қамтамасыз ету мәселелеріне арналған зерттеуі себеп болды. Сарапшылар өліммен аяқталған оқиғаларды тергеу, терроризмге қарсы операциялар жүргізу, өлімге әкелетін қару мен арнайы құралдарды қолдану кезінде Қазақстанда өмір сүру құқығын қорғаудың заңнамалық кепілдіктерін талдаған.

Шорманбаев өлім жағдайларын, соның ішінде кісі өлтіруді тиімді тергеу үшін республикадағы құқық қорғау органдарын реформалау қажет екенін атап өтті.

Құқық қорғаушы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сілтеме жасап, Қазақстанның 100 мың тұрғынға шаққандағы суицид (8,1 өлім) және жол-көлік оқиғаларынан қаза табу (24,2 өлім) көрсеткіштері бойынша Африка елдерінен, сондай-ақ Азия мен Латын Америкасының бірқатар мемлекеттерінен озып тұрғанын еске салды.

Шорманбаевтың айтуынша, 2017 жылы елде 17 мыңнан астам төтенше жағдай тіркелген, олардың 15,5 мыңға жуығы өрт болған. Өрт салдарынан жалпы 352 адам қаза тапқан. Баяндамашы елордада бес баланың өмірін қиған қайғылы өртті «біз жазмыштай қабылдаймыз, бірақ мұндай жағдайлар көмірмен жылыту салдарынан әр қыс сайын болады» деп атап өтті.

Денсаулық сақтау жүйесіндегі өмір сүру құқығын қорғау тәсілдерін де қарастырған құқық қорғаушылар мынадай қорытындыға келді: бұл салада «адам ауруханада немесе медицина қызметкерлерінің тұрақты бақылауында болған кезде қайтыс болса, оның өлім себебін және медицина қызметкерлерінің жауапкершілік дәрежесін анықтауға мүмкіндік беретін тиімді, тәуелсіз құқықтық жүйе жоқ».

ДЕРЕККӨЗ:
mindet.kz
http://mindet.kz/ru/2019/10/10/shormanbayev-pravo-na-zhizn-issledovanie/

Қазақстанның азаптауға қарсы ҮЕҰ коалициясының материалы