Жарияланымдар

Азаптау үшін құқық қорғау органдарының 200-ге жуық қызметкері сотталған

2 мин чтения

Адамдар Бас прокуратураға жиірек шағымдана бастады.

Соңғы бес жылда құқық қорғау органдарының 170-тен астам қызметкері уақытша ұстау изоляторлары мен тергеу изоляторларында азаптау және қатыгез қарым-қатынас жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Бұл туралы Қазақстан халықаралық адам құқықтары және заңдылықты сақтау бюросының Шығыс Қазақстан филиалының жетекшісі Қуат Рахымбердин айтты.

Оның айтуынша, полиция мен қылмыстық-атқару жүйесінің күзет қызметкерлері тарапынан жасалған азаптау және қатыгездік туралы азаматтардың шағымдары көбейген. Соңғы жылдары Бас прокуратураға жылына шамамен 700 арыз түседі, ал он жыл бұрын мұндай арыздар екі-үштен аспаған.

«2008 жылға дейін бұл тақырып жабық болғандықтан, тек жекелеген шағымдар ғана тіркелетін. Қазақстан азаптауға мүлдем төзбеушілік саясатын жариялағаннан кейін жүгінушілер саны жүздеген есе өсті. Адамдар арыздары тыңдалып, қаралатынын түсінді. Қазір Бас прокуратураға жылына 700 арыз түседі. Біз айыптаулар расталған жағдайларды да аз білмейміз», — деді Өскемендегі әлеуметтік заңгерлер форумында Қуат Рахымбердин.

Ол сондай-ақ Алматыдағы тергеу изоляторында бала босанған Наталья Слекишина туралы баяндады. Әйел өзіне топ болып зорлық көрсетілгенін дәлелдей алмаған. ДНҚ сараптамасы жасалғаннан кейін оның қызының әкесі жоғары шенді офицер екені анықталған. Қазір майор Рустам Хакимов азаптау және зорлау үшін тағайындалған тоғыз жылдық жазасын Шығыс Қазақстандағы Шуақ ауылында өтеп жатыр.

Шығыс Қазақстанда полиция қызметкерлері қорлық көрсеткені үшін сотталған оқиғалар да аз емес. Катонқарағай ауданындағы учаскелік инспектор күдіктіні ұрып, электрошокер қолданғаны үшін өкілеттігін асыра пайдаланған деп танылып, бес жылға сотталған. Риддердің үш полицейі полиция бөліміне жеткізілген ер адамды азаптағаны үшін үш жылға сотталып, мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан айырылған. Олар ер адамды ұрып, басына противогаз кигізіп, оттегінің келуін тоқтатқан.

Қуат Рахымбердиннің пікірінше, құқық қорғаушылар мен Ұлттық алдын алу тетігі (ҰАТ) қызметкерлерінің жұмысы арқасында әрбір зорлық фактісі бұл мәселеге тереңірек назар аударуға себеп болады.

ДЕРЕККӨЗ: https://kursiv.kz/news/obschestvo/2019-09/pochti-200-sotrudnikov-pravookhranitelnykh-organov-osuzhdeny-za-pytki

Қазақстанның азаптауға қарсы ҮЕҰ коалициясының материалы