Астанада қалалық ішкі істер департаменті криминалдық полиция басқармасы бастығының бұрынғы орынбасары Сәкен Сүлейменовтің азаптауға күдікті ретінде қамауда ұстау мерзімі 4 наурызға дейін ұзартылды, деп хабарлады елордалық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасаған ҚазТАГ.
«Қамау мерзімі 4 наурызға дейін ұзартылды», — деді сәрсенбі күні қалалық соттың баспасөз қызметі.
Еске салайық, Астана ІІД криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары С. Сүлейменов ҚР Қылмыстық кодексінің 146-бабы 2-бөлігінің 2-тармағында көзделген (бірнеше рет жасалған азаптау) құқық бұзушылыққа күдікті.
С. Сүлейменов өткен жылы 7 қыркүйекте ұсталып Астана прокуратурасы тарапынан елордалық ІІД уақытша ұстау изоляторына қамалды. Кейін Астана қаласы Есіл аудандық №2 соты оны екі айға — 2016 жылғы 7 қарашаға дейін қамауда ұстауға санкция бергені белгілі болды.
Қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасып жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты оның барысына қатысты өзге мәліметтер жария етілмейді.

