ҚР Бас прокуратурасы Алматы облысындағы колонияларда сотталғандарға қатыгездік көрсету деректерін растады, деп хабарлайды Қазақстандағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл аппаратының баспасөз қызметі.
«Астанада Қазақстандағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Асқар Шәкіровтің төрағалығымен Азаптауға қарсы ұлттық алдын алу тетігінің үйлестіру кеңесінің отырысы өтті. Кеңес Бас прокурордың тапсырмасы бойынша Алматы облысының пенитенциарлық мекемелерінде жүргізілген тексеру қорытындыларын қарады. Тексеру сотталғандарға қатыгез қарым-қатынас жасалғанын және мекеме қызметкерлерінің заңсыз әрекеттерін жасыру үшін оларға қысым көрсетілгенін растады», — делінген дүйсенбіде таратылған хабарламада.
Осыған байланысты үйлестіру кеңесі ІІМ басшылығының алдында кінәлі адамдарды жазалау қажеттігін көтергені атап өтілді.
«Үйлестіру кеңесінің мүшелері алдын алу сапарлары барысында анықталған деректерге сүйеніп, түзеу мекемелерінде арнайы құралдарды қолдану арқылы қатыгез қарым-қатынас жасау қаупі жоғары екенін атап өтті. Осыны ескере отырып, ҰАТ қатысушыларын колонияларда тінту шараларын жүргізуге және этаппен жеткізілген сотталғандарды қабылдау рәсімдеріне тарту тәжірибесін енгізу туралы шешім қабылданды», — деді баспасөз қызметі.
Еске салайық, Алматы облысындағы түзеу мекемесінде тоғыз жылдық жазасын өтеп жатқан Аманжол Тұраровтың жұбайы күйеуінің ұрып-соғылғанын білген. Азаптау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. ДЕРЕККӨЗ: https://www.arnapress.kz/astana/life/112921/

