Қазақстандағы Қаңтар оқиғасы кезінде полиция қызметкерлері 25 адамды қатты қыздырылған үтікпен азаптаған, деп хабарлады Бас прокуратураның қылмыстық қудалау қызметінің бастығы Серік Шалабаев.
«Алматы облысында қыздырылған бу үтігін пайдаланып азаптау ісі бойынша 25 адам жәбірленуші деп танылды. Барлық арызданушы азаптаудың ұқсас тәсілін сипаттады. Арнайы прокурорлар жүргізген жедел-тергеу әрекеттерінің нәтижесінде бес полиция қызметкерінің қатысы анықталды. Үшеуі кінәсін мойындады», — деді Шалабаев дүйсенбі күнгі брифингте.
Ол сондай-ақ Алматы облысы ҰҚК департаментінің екі қызметкеріне қатысты тергеу әрекеттері аяқталғанын қосты. Олар ұсталған адамды ұрып, соның салдарынан оның қайтыс болуына әкелді деген күдікке ілінген.
«Азаптау туралы қылмыстық істер тергеудің өзіндік ерекшеліктерімен сипатталады. Жәбірленушілердің көпшілігі қатысы бар адамдарды тани алмайды, өйткені олар бетперде таққан немесе қызметтік киімсіз болған. Полиция ғимараттарына жасалған шабуыл кезінде техника бүлінгендіктен, істерде бейнематериалдар жоқ. Соған қарамастан, дәлелдемелерді жинау үшін барлық тергеу және процестік әрекеттер жүргізіліп жатыр. Барлық істерде тергеушілер адам құқықтарын қорғаудың халықаралық стандарттарына сәйкес азаптауды тергеу әдістемелерін қолдануда», — деп сендірді Шалабаев.
Оның айтуынша, қазір тергеудің заңсыз әдістеріне қатысты ең резонансты сегіз істі арнайы прокурорлар тергеп жатыр. Бұл істер бойынша арнаулы және құқық қорғау органдарының 15 қызметкері күдікті деп танылған, олардың тоғызы қамауда отыр.
ДЕРЕККӨЗ: https://holanews.kz/news/189655

