Жарияланымдар

Ескендір Ерімбетовтің анасының азаптау туралы шағымы бойынша қылмыстық іс қозғалды

2 мин чтения

Алматыдағы тергеу изоляторында отырған, тергеліп жатқан 46 жастағы қазақстандық кәсіпкер Ескендір Ерімбетовтің ата-анасы Мырзахан және Ғайни Ерімбетовтер бүгін Азаттық тілшісіне ұлына қатысты азаптау туралы шағымға байланысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Мұны растау үшін олар Алматы прокурорының орынбасары Б. Адамовтың Бас прокуратура тапсырмасына сәйкес Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының тергеу департаментінің бастығы С. Н. Перовқа жолдаған хатының көшірмесін көрсетті.

Хатта «қылмыстық іс аясында қарау үшін» оған «Ғ. А. Ерімбетованың тергеу изоляторында отырған ұлы И. М. Ерімбетовтің мүддесінде жазған арызы жіберілетіні» айтылған.

Ескендір Ерімбетовтің анасы Ғайни Ерімбетова 11 қаңтар күні түстен кейін Алматының арнайы прокурорына ұлын азаптады деген шағым берген. Сол күні таңертең ол ұлымен тергеу изоляторында кездесіп, өзінің сөзінше, оның «қатыгездікпен, аяусыз ұрып-соғылғанын» байқаған.

Арнайы прокурор арызға дер кезінде жауап бермеген соң, 14 қаңтарда ата-анасы egov.kz мемлекеттік порталы арқылы Бас прокуратураға шағым жолдады. Ғайни мен Мырзахан Ерімбетовтер Бас прокуратураны Алматының арнайы прокуроры мен кейбір билікке жақын бұқаралық ақпарат құралдарын жауапқа тартуға шақырды. Олардың айтуынша, бұл БАҚ 12 қаңтарда тергеудегі Ескендірдің еркіне қарсы оны фото және бейнекамераға түсіріп, кейін фотолары мен сюжетін жариялаған.

Кәсіпкер Ескендір Ерімбетов пен оның үш әріптесі 2017 жылғы 13 қарашада Алматыда «қаржы жымқыру» және «ақшаны жылыстату» күдігімен ұсталған. 15 қарашада тергеу соты оны екі айға қамауға алуға санкция беріп, Алматы қалалық ішкі істер департаментінің тергеу изоляторына орналастырды. 9 қаңтарда сот қамау мерзімін тағы екі айға, 13 наурызға дейін ұзартты. 19 қаңтарда Алматы қалалық апелляциялық соты бұл шешімді күшінде қалдырды.

ДЕРЕККӨЗ:
https://rus.azattyq.org/a/28990079.html

Қазақстанның азаптауға қарсы ҮЕҰ коалициясының материалы