Жарияланымдар

Газеттегі бірнеше жол үшін…

2 мин чтения

Маңғыстау облысы Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің ГМ-172/6 колониясындағы сотталушылардың қазасы туралы жарияланымнан кейін Астанадан Ақтауға тексерушілер келді.

Маңғыстау облысы Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің ГМ-172/6 колониясындағы сотталушылардың қайтыс болуы туралы мақала («Тұрды, құлады — қайта оянбады…», «Время», 22.11.2016) шыққаннан кейін Ақтауға Астанадан тексерушілер келген. Бұл туралы жергілікті белсенді Юлия Шыңғысбаева хабарлады.

Қысқаша еске салайық: колонияда бірнеше сотталушы қайтыс болғанын білген Шыңғысбаева түзету мекемесінің басшыларынан өлім себептерін анықтауға тырысқан. Бірақ нақты жауап ала алмаған соң облыс прокуроры Дастан Сартаевтың атына шағым жазып, газеттен көмек сұраған. Айта кетейік, ол тек жергілікті ІІБ-ден жауап алған: құқық қорғаушыға сотталушы Алексей Рошковскийдің өліміне байланысты сот сараптамасы тағайындалғаны хабарланған.

— 25 қараша күні таңертең маған майор Жаслан Қапенов телефон соғып, «Время» газетіндегі мақалаға байланысты келгенін айтып, Маңғыстау облысының ІІД-не шақырды, — дейді Юлия Шыңғысбаева. — Түстен кейін бардым. Кешкі жетіге дейін Қапенов пен ІІД өзіндік қауіпсіздік басқармасының қызметкері Аслан Төлебаев менен түрлі сұрақтар сұрады: «Журналист ақпаратты қайдан алды?», «Онымен қалай байланысқа шықтыңыз?», «Жерлеу заңсыз болды деп неге ойлайды?», «Ағаңызды өлтірді деген ақпаратты қайдан алдыңыз?», «Сізге кім, қашан қоңырау шалды?». Мен ашуланып: неге мақалаға сонша шүйліктіңіздер, дедім. Олар барлық фактіні тексеріп жатқанын айтты…

Құқық қорғаушының сөзінше, тексеруші одан мәйіт дақтарын қалайша жақсы білетінін де сұраған. Мәйітханадан алынған анықтама туралы бірнеше сұрақ қойып, соңында колонияға комиссия құрамында барған сарапшы түсірген Рошковскийдің фотосуретін көрсеткен.

— Ашудан тынысым тарылды! Сотталушы бес жыл темір тордың ар жағында отырды, қант диабетімен ауырды (бұл диагнозда жаралар айлап жазылатыны, теріде қара дақ қалатыны белгілі), ал суретте үлгілі адам сияқты көрінеді! Әңгіме соңында Қапенов телефоныма түскен қоңыраулардың тізімін беруді сұрады, өйткені колония басшылығы тұтқындарда телефон жоқ деп мәлімдейді екен. Астанадан келген тексеруші мұқият тексеруге уәде берді, сөзінде тұрады деп үміттенемін, — деді Юлия Шыңғысбаева.

ДЕРЕККӨЗ:
www.time.kz/articles/risk/2016/11/29/iz-za-neskolkih-strochek-v-gazete

Қазақстанның азаптауға қарсы ҮЕҰ коалициясының материалы