Ақтөбедегі қоныс-колонияның үш қызметкері азаптау үшін сотталуда.
Дүйсенбі, 19 маусымда Ақтөбе қаласының №2 сотында қоныс-колонияның үш қызметкеріне қатысты процесс басталды. КА-168/3 мекемесі жедел бөлімі бастығының орынбасары Дәулет БАЙМАНОВ, осы мекеменің жедел уәкілі Ғұмар ЕРЖАНОВ және аға бақылаушы Дамир СУХАШЕВ ҚР ҚК 146-бабы — азаптау бойынша айыпталуда.
Прокурор сот отырысында оқыған айыптау актісіне сәйкес, 2017 жылғы 11 наурызда таңғы сағат тоғызда сотталушы Самат НҰРЖАНОВ колонияның бақылау-өткізу пунктінің жанынан өтіп бара жатып Дәулет Баймановты көрген.
Жедел бөлім бастығының орынбасарына сотталушының қарағаны ұнамай, ол Нұржановқа «Кім бақса — сол сорады» деген дөрекі сөз айтқан. Сотталушы ренжіп, Баймановтың үстінен шағымданатынын ескерткен.
Бұл сөздер бастық орынбасарының ашуын туғызған. Ол Нұржановты жағасынан ұстап, колония штабының бірінші қабатына сүйреп апарған. Айыптау актісінде Байманов сотталушының басын қабырғаға, кейін кабинеттегі ағаш есікке қатты соққаны жазылған.
Содан кейін Байманов сотталушының қолына кісен салып, өзіне бағынышты Ержанов пен Сухашевтің ертуімен тәртіптік изоляторға алып барған. Айыптау тарапының нұсқасы бойынша, Ержанов пен Сухашев Нұржановты екі камераның есігіне кісендеп бекітіп, есіктерді аша бастаған. Екі камераның арасына керілген Нұржанов ауырсынудан айқайлаған, ал Ержанов пен Сухашев басқа сотталушыларға «тәртіп бұзып, басшылықты тыңдамасаңдар, сендерге де осылай жасалады» деп ескерткен.
Одан кейін айыптау тарапының мәліметінше, азаптаушылар шүберек әкеліп, аузына тығып, Нұржановты қайта соққыға жыққан. Изолятордың кезекшісі бір күмәнді жағдайды сезіп, ішке кіргенде сотталушыға жасалған қорлықты көріп, кісенін өзі шешкен.
Енді жәбірленуші шағымдануы мүмкін екенін түсінген Байманов, Ержанов және Сухашев Нұржановты арыз жазбауға көндірмек болған. Бірақ келісе алмаған соң оны карантин камерасына жапқан.
Өзін қайта азаптауға келеді деп қорыққан Нұржанов сырттағы дәретханаға шығуға рұқсат сұраған. Онымен еріп жүрген бақылаушылардың назары басқа жаққа ауған сәтті пайдаланып, қоршаудан секіріп қашқан. Тікелей прокурорларға барып, азаптау туралы арыз жазған.
Сот-медициналық сараптама Нұржановтың денесіндегі көгеру мен қанталаудың азаптау кезінде пайда болуы мүмкін екенін растаған.
Қазіргі кезде барлық айыпталушы өз кінәсін мойындамай, ақтауды талап етіп отыр.
ДЕРЕККӨЗ:
Ratel.kz
http://ratel.kz/raw/sotrudniki_kolonii_raspjali_osuzhdennogo_mezhdu_kamerami

