Солтүстік Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында «Күдіктілер мен сотталушылардың азаптау қолданылғаны туралы арыздарын қараудың проблемалық мәселелері» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Дөңгелек үстелге сот судьялары, Солтүстік Қазақстан облысы прокуратурасының және облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің өкілдері қатысты.
Сот төрағасы С. Викторенко өз сөзінде Азаптауға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын қарым-қатынас пен жазалау түрлеріне қарсы конвенцияның 12-бабына сәйкес әрбір қатысушы мемлекет, соның ішінде Қазақстан Республикасы да, азаптау қолданылды деп пайымдауға жеткілікті негіз болған жағдайда құзыретті органдардың жедел әрі бейтарап тергеу жүргізуін қамтамасыз етуге міндетті екенін атап өтті. Ішкі істер органдары қызметкерлеріне қатысты азаптау туралы арыздарды Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет тергейді, алайда тергеу мерзімдерінің ұзақтығына байланысты мәселе бар.
Осы мәселені талқылау кезінде азаптау туралы арыздарды жедел тергеуге көмектесетін бірқатар ұсыныс айтылды. Атап айтқанда, тергеу барысында сот ісінің материалдарынан психологиялық-психиатриялық және психологиялық-криминалистикалық сараптама қорытындыларының көшірмелерін сұратып алу ұсынылды. Сонда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет тергеушісіне бұл сараптамаларды қайта тағайындаудың қажеті болмайды, бұл тергеу мерзімін едәуір қысқартады.
Сондай-ақ прокуратура органдарына сотқа дейінгі тергеп-тексеруді қадағалау және істі сотқа беру кезеңінде күдіктілерден азаптау фактілері жөнінде арыздарының бар-жоғын анықтау ұсынылды. Бұл мұндай фактілерді тергеуді іс сотқа жолданғанға дейін бастауға мүмкіндік береді.
Арыз берушілерге жәбірленуші мәртебесінің орнына қателесіп куә мәртебесін беру мәселесі де қаралды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілінің назары арыз берушіні жәбірленуші деп танымау оның өз құқықтарын, соның ішінде дәлелдемелер ұсыну құқығын толық пайдалануына кедергі келтіретініне аударылды. Сондықтан тергеу барысында арыз берушілерді жәбірленуші деп тану ұсынылды.
Дөңгелек үстел қорытындысында ұсынымдар қабылданды. Қатысушылар пайдалы әрі сындарлы диалог болғаны жөнінде ортақ пікір білдірді.
Дереккөз:
Солтүстік Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты
http://sko.sud.kz/rus/news/problemnye-voprosy-rassmotreniya-zayavleniy-podozrevaemyh-podsudimyh-o-primenenii-pytok

