Өскеменде облыстың жаңа әкімін сайлау өтіп жатқан университет ғимаратының жанында үнсіз наразылық білдірген екі зейнеткер күшпен ұсталды.
Кеше Өскеменде басталған Тарасовтар отбасының «мерзімсіз» наразылығы, ол туралы алдыңғы материалда жазылған еді, бүгін жағдайдың өзгеруіне байланысты күш қолдану арқылы тоқтатылды.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтің қызметтен кетуі және оның орнына Ермек Көшербаевтың сайлануы асығыс, бір күнде өтті. Мұны естіген прокуратура кіреберісінде бейбіт пикет өткізіп тұрған Тарасовтар облыстық мәслихат депутаттарының жиыны өтетін Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетіне баруды ұйғарған. Қолдарында «Ұлымыз Григорийді өлтірді» және «Ұлымыздың бүйрегін кім кесіп алды?» деген екі плакат болған.
Пикетшілерді байқағандар бұл туралы университет ғимаратында жүрген, Тарасовтар тұратын Глубокое ауданының әкіміне хабарлады. Әкім оларды ішке кіруге шақырып, ол жақтың салқындау екенін айтты. Тарасовтар бас тартты, көп ұзамай келген полиция оларды ұстап әкетті. Қарттарды ұстау кезінде құқық қорғау қызметкерлерінің бірі Валентина Тарасованың бетінен шынтағымен соққан, ал Владимир Тарасовтың қолдарында кейін көгерген іздер пайда болған.
Екеуін ішкі істер басқармасына жеткізіп, үш сағат ұстағаннан кейін хаттама толтырмай босатқан. Бөлімде болған кезде Валентина Тарасованың қан қысымы көтеріліп, жедел жәрдем шақыртуға тура келген.
Ұстау кезінде полиция қызметкері Валентина Тарасованың қолынан жұлып алған ұялы телефон мәселесі де түсініксіз күйде қалды. Полиция телефонды ешқандай шартсыз қайтаруға тырысқан, бірақ пикетшілер мүліктерін тек сот арқылы алатынын мәлімдеген. Олар заңсыз ұстау мен күш қолдануға байланысты сотқа талап арыз беруге ниетті.
(Тарасовтар ісі жөніндегі бұрынғы материалдарды қараңыз: «Зейнеткерлер ұлының өліміне қатысы барларды іздейді», «Жер бәрін жасыра ма?», «Бір шынжырмен байланғандар», «Тізбекті реакция», «Наразылыққа жұмысқа барғандай», «Тарасовтар берілмейді», «Ата-ананың үнсіз назы», «Соңғы емес, бірақ шешуші шайқас»)

