Жарияланымдар

Өлуге деген тойтарылмас құштарлық па?

2 мин чтения

Сарқан ауданының тұрғыны Күлсын Темірбаеваның айтуынша, 30 қарашада полиция қызметкерлері оның ұлы Марат Темірбаевты өз әкесімен төбелесті деген себеппен ұстаған. Сол күні оны Талдықорған тергеу изоляторына жіберген. Бір тәуліктен кейін туыстарына Мараттың жеке камерада өз-өзіне қол жұмсағанын хабарлаған.

Марқұмның анасы — медицина саласында 40 жыл еңбек еткен маман — бұл нұсқаға сенбейді. Ол ұлы аяусыз соққы мен азаптаудан қаза тапты деп сенімді.

— Денесінде қорқынышты жаралар, басында терең тесілген жаралар бар, сірә, бұрауыштан қалған. Бетінде, ұртында өткір заттан түскен іздер бар. Сол иығында, жүрек тұсында және арқасында көгерген жерлер бар. Қабырғалары сынған, мойны бос салбырап тұр, сынғаны көрініп тұр, — деп ұлының денесіндегі жарақаттарды тізді Күлсын Темірбаева.

kulsyn

 

Марқұмның туыстары тиісті органдарға шағымданып үлгерген. Олар Мараттың өлімі үшін тергеу изоляторы қызметкерлерін қылмыстық жауапқа тартуды және өздеріне дөрекі қарағаны үшін де жазалауды талап етпек. Марқұмның тәтесінің айтуынша, изолятор күзетшілері көңіл айтудың орнына оны жерге сүйреген.

— Олар өздерін сол жердің заңы да, соты да, Конституциясы да санайды. Мені өлтіре жаздады. Аяғымнан ұстап ары-бері сүйреді. Біреуі келіп бүйірімнен соқты, екіншісі жағамнан тартып, пальтомды шешіп алды. Сүйрей бастады. Мен айқайлап, жерге жатып алдым, өлемін, бірақ тұрмаймын дедім. Содан кейін олар шегінді. Басшылықты шақырдым, бірақ үш сағат бойы ешкім келмеді, — деп ашуланады марқұмның тәтесі Нұрқадиша Қабылова.

Прокуратураның мәлімдеуінше, ұсталған Марат Темірбаев камера терезесін сындырып, шыны сынығымен мойнын кескен. Мекеме фельдшері жарасын тіккен көрінеді, бірақ кейін ол жараны қайта ашып, қан жоғалтудан қайтыс болған. Бұл факті бойынша тергеу басталған.

— Алматы облысының ҚАЖ жүйесіндегі ЛА 155/16 мекемесінде Темірбаевтың қайтыс болу фактісі тіркелді. Қазіргі уақытта осы факті бойынша Қылмыстық кодекстің 105-бабы («Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу») бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сондай-ақ облыстық ІІД өзіндік қауіпсіздік басқармасы салғырттыққа қатысты қылмыстық істі тергеп жатыр, — деп мәлімдеді Алматы облысы прокуратурасының 7-басқармасының бастығы Жандос Ысқақов.

Марқұм Марат Темірбаев Сарқан ауданында жылқы өсірумен айналысқан. Туыстарының айтуынша, ол өте еңбекқор әрі көңілді адам болған. Қазіргі кезде оқиғаның себептерін бірнеше уәкілетті органның қызметкерлері тергеп жатыр.

ДЕРЕККӨЗ:
https://bureau.kz/novosti/sobstvennaya_informaciya/nepreodolimoe_jelanie_umeret/

Қазақстанның азаптауға қарсы ҮЕҰ коалициясының материалы