Жарияланымдар

«Оны «оно» деп атайды»: Жауқашты колониясындағы трансгендер әйел қызметкердің погонын жұлып алған

2 мин чтения

Сотталған трансгендер әйел Виктория Берхожаева колония әкімшілігі тарапынан қорлық көретініне шағымданды. Бұл туралы адвокат Айман Омарова хабарлады, деп жазады Tengrinews.kz.

«Виктория Берхожаева күн сайын қызметкерлердің, әкімшіліктің және басқа сотталғандардың қорлауына ұшырайды. Әкімшілік жанжал туғызумен шектелмей, өз айтқанын орындайтын сотталғандарды көтермелейді. Ондай «көмекшілер» жазаланбайды, оларға өзге тұтқындарды «тәрбиелеуге», пышақ ала жүгіруге, балағаттауға және басқа да әрекеттерге рұқсат етілген. Виктория Берхожаева кезінде жынысын өзгертіп, әйел болғандықтан, оны орыс тіліндегі «оно» деген қорлайтын сөзбен атайды», – деп жазды Айман Омарова Facebook парақшасында.

Ол Виктория Берхожаеваның колония қызметкерлерінің бірінің погондарын жұлып алғанын қосты.

«Виктория Б. есімді қызметкердің погонын жұлып алды, өйткені ол оны бірнеше рет балағаттап, «еркек», «оно» және басқа да сөздермен атаған. Б. өзінің погонын жұлып, фуражкасын шешіп тастағаннан миы шайқалды деп есептейді. Викторияның барлық шағымдары мен хаттары адресаттарына жіберілмеген, арнайы бөлім оларды өткізбеген», – деп жазды Омарова Facebook желісінде.

Өз кезегінде Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті (ҚАЖК) Tengrinews.kz басылымының ресми сауалына Берхожаеваның «қорлауға ұшырамайтынын» мәлімдеді. Ведомство дерегінше, әйел Алматы облысының қылмыстық-атқару жүйесіне қарасты қауіпсіздігі орташа мекемеде жазасын өтеп жатыр.

«Адвокат келтірген мәліметтерге қатысты айтар болсақ, Берхожаеваны мекеме қызметкері қорлайды деген ақпарат расталмады. Оның қызметкерлердің заңсыз әрекеттері туралы өтініші қаралып жатыр», – деп хабарлады Қазақстан ІІМ ҚАЖК.

Сонымен қатар ведомство сотталған әйел мен колония қызметкері арасындағы жанжалға түсініктеме берді.

«ҚАЖ қызметкері мен сотталған әйел арасындағы жанжал соңғысының мекеме әкімшілігінің талаптарын орындаудан бас тартуы кезінде туындаған. Нәтижесінде ол қызметкердің погонын жұлып алған. Осы факт бойынша бастапқы материалдар жиналып, процестік шешім қабылдау үшін Алматы облысы ІІД-нің Іле аудандық ішкі істер бөліміне жолданды», – деп атап өтті ведомство.

ҚАЖК Берхожаеваның ұстау режимін бұзғаны үшін бірнеше тәртіптік жазасы бар екенін де қосты.

Бұған дейін ҚАЖК сотталған әйелдің мінез-құлқы теріс деп бағаланатынын хабарлаған.

Виктория Берхожаева (бұрынғы есімі Кәрімжан Берхожаев – автор ескертпесі) аса ірі мөлшерде бопсалау жасады деп айыпталған. 2017 жылғы наурызда ол Қазақстан Қылмыстық кодексінің 194-бабы 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, мүлкі тәркіленіп, жеті жылға бас бостандығынан айырылған.

ДЕРЕККӨЗ: https://tengrinews.kz/crime/ee-nazyivayut-ono-transgender-sorvala-pogonyi-sotrudniku-346045/

Қазақстанның азаптауға қарсы ҮЕҰ коалициясының материалы