Жарияланымдар

Павлодар облысында ауыл тұрғындарын соққыға жыққан ҰҚҚБ мен ЖҚАЖ қызметкерлеріне бес жылға дейін түрме жазасы қаупі төніп тұр

2 мин чтения

«Ертіс ауданы Қызылқақ ауылының тұрғындарына дене жарақатын келтіру арқылы билікті асыра пайдалану фактісі бойынша облыстық ІІД-нің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы (ҰҚҚБ) және арнайы жедел әрекет ету жасағы (ЖҚАЖ) қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасуда. 2016 жылғы 14 қыркүйекте күндізгі сағат 12-де ҰҚҚБ мен ЖҚАЖ-ның 15 қызметкері бағалы шаянтәрізділерді заңсыз аулайтын адамдарды анықтау үшін Қызылқақ ауылына келгені анықталды. Жергілікті тұрғындар мен полиция қызметкерлері арасында жанжал шығып, қызметкерлер жауынгерлік самбо тәсілдері мен арнайы құралдарды қолданған», — деп хабарлады Павлодар облысының прокуратурасы.

Істі облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет тергеп жатыр. «Қазіргі уақытта Қызылқақ ауылы тұрғындарын полиция қызметкерлерінің соққыға жығуы фактісі бойынша әр қызметкердің әрекетін ажырату үшін қосымша тергеу әрекеттері мен беттестірулер жүргізілуде», — деді облыстық прокуратура басқармасының бастығы Бейсенбек Әлиев.

Күдікті күштік құрылым қызметкерлеріне тағылған бап бойынша жаза бес мың айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұлдан бес жылға дейін бас бостандығынан айыруға дейін көзделген.

Еске салайық, оқиға 2016 жылғы қыркүйекте болған. Зардап шеккендердің арасында 15 жастағы жасөспірім бар. Мектептен қайтып келе жатқан бала оқу орнының жанында қара бетперде киген адамдардың әкесін және бірнеше ер адамды ұрып жатқанын көрген. Ол әкесін қорғауға ұмтылған, бірақ резеңке таяқ ұстаған белгісіз адамдар оны құлатып, соққыға жыққан. Оқушының миы шайқалып, кеуде тұсы соғылып, денесі сырылып, ауруханаға жеткізілген. Тағы бір зардап шеккен 41 жастағы жылқышы қабырғасы сынып, теріасты эмфиземасымен ауруханаға түскен.

Жанжал кезінде қара бетперделілер мектептің шаруашылық меңгерушісін, тарих мұғалімін, шаруа қожалығының басшысын және жергілікті мешіт имамын да ұрғаны хабарланған. Кейін ауыл тұрғындарын ұруға Павлодар облысы ІІД-нің ҰҚҚБ мен ЖҚАЖ қызметкерлері қатысқаны анықталды. Полиция жанжалға дейін жергілікті тұзды көлдерде бағалы артемия шаянтәріздісін заңсыз аулаудың бірнеше оқиғасы болғанын мәлімдеген. Құқық қорғау органдарының нұсқасына сәйкес, жанжалға бастамашы болған зардап шеккен ауыл тұрғындарының өздері әрі олар браконьерлікпен айналысқан. Кейін Павлодар облысының Ертіс ауданы басшылығы зардап шеккен ауыл тұрғындарының браконьер болмағанын айтып, бұл тұжырымды жоққа шығарды.

ДЕРЕККӨЗ:
https://tengrinews.kz/crime/5-let-kolonii-grozit-sotrudnikam-ubop-sobr-izbienie-selchan-312312/

Қазақстанның азаптауға қарсы ҮЕҰ коалициясының материалы