Жарияланымдар

Қазақстанда шілдеден бастап азаптау мен жыныстық зорлық-зомбылық құрбандарына өтемақы төленеді

2 мин чтения

Биылғы қаңтарда жыныстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендер мен азаптау құрбандарына келтірілген зиянды өтеу туралы заң қабылданды, деп хабарлайды NewTimes.kz ақпарат агенттігі ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Іс жүзінде заңды қорғауға тиіс адамдардың өздері азаптауды теріс мақсатта қолданатын жағдайлар кездеседі. Сондықтан біз құқық қорғау органдарымен бірлесіп осы бағытта белсенді жұмыс жүргізіп жатырмыз», — деді сол кездегі ҚР Бас прокуроры Қайрат Қожамжаров.

Ол осы салада қандай жұмыс атқарылып жатқанын да айтып берді:

Біріншіден, азаптау үшін жауапкершілік күшейтіліп, көбіне оны жасаған адамдарға тәуелді жағдайда болатын жәбірленушілерді қорғау кепілдіктері арттырылып жатыр. Тергеу кезінде оларға қысым жасалмауы үшін жаңа заңмен Қылмыстық кодекске өзгерістер енгізілді.

Енді азаптау істері бойынша жәбірленушімен татуласуына немесе шын өкінуіне байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатуға тыйым салынады.

Биылғы қаңтарда «Жәбірленушілерге өтемақы қоры туралы» заң қабылданды. Енді мемлекет азаптау құрбандарына ақшалай өтемақы төлейді. Заң 1 шілдеден бастап күшіне енді.

Бұған қоса, өтемақы жыныстық зорлық-зомбылық көрген кәмелетке толмағандарға, денсаулығына ауыр зиян келтірілген адамдарға және қайтыс болғандардың туыстарына да қарастырылған.

Екіншіден, еуропалық сарапшылардың қатысуымен азаптаудың алдын алу және құрбандарды қорғау жөнінде ұйымдастырушылық әрі практикалық шаралар қабылданып жатыр.

Елде бейнетіркеуі бар 500-ден астам әйнек қабырғалы жауап алу кабинеті ашылды. Полицияға жеткізілген адамдарды электрондық есепке алу енгізілді. Соның арқасында қылмыстық қудалау органдарының әрекеттері мен шешімдеріне қатысты шағымдар 10 пайызға, азаматтарды құқық қорғау органдарының ғимараттарына негізсіз жеткізу саны екі есеге қысқарды.

Құқық қорғау органдары академиясы Ыстанбұл хаттамасы негізінде азаптауды тергеу әдістемесін әзірледі. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр.

ДЕРЕККӨЗ:
http://www.diapazon.kz/kazakhstan/kaz-othernews/102160-s-iyulya-zhertvam-pytok-i-seksualnogo-nasiliya-v-rk-vyplachivaetsya-kompensaciya.html

Қазақстанның азаптауға қарсы ҮЕҰ коалициясының материалы