Павлодар облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті (ҚАЖД) «Шаңырақ ісі» бойынша сотталған Құрманғазы Өтегеновке қатысты АП-162/4 мекемесі қызметкерлерінің қандай да бір заңсыз әрекетін жоққа шығарады. Бүгін Азаттық редакциясына электрондық хат жолдаған департамент Өтегеновтің денсаулығы нашарлағанын да теріске шығарды.
Хат Азаттықта павлодарлық құқық қорғаушы Елена Семенованың Құрманғазы Өтегеновпен кездесуі туралы материал жарияланғаннан кейін келді. Өтегенов құқық қорғаушыға гастриті асқынғанын, аяқтары ауыратынын айтып, сапалы медициналық көмектің көрсетілмеуіне, жазғы киім мен аяқкиім берілмеуіне шағымданған.
«Сотталған Қ. И. Өтегенов мекеменің медициналық бөліміндегі терапевт дәрігердің диспансерлік есебінде тұр. Жазасын өтеу кезінде бірнеше рет амбулаториялық және стационарлық ем алды, емделу кезінде диеталық тағаммен қамтамасыз етілді», — деп жазды департамент. ҚАЖД мәліметінше, 2018 жылы Өтегеновтің «сол жақ сирақ тұсындағы гигромасын алып тастау бойынша операция жасалған, операциядан кейінгі кезең асқынусыз өтті». Осылайша департамент Семенова бұған дейін хабарлаған аяғына операция жасалғанын растады.
«Қазіргі уақытта сотталған адамның жалпы жағдайы қанағаттанарлық, оған қажетті медициналық бақылау мен ем көрсетіліп жатыр. Қ. Өтегенов мекемеге түскен кезде салмағы 70 келі болса, қазір 72 келі», — деп мәлімдеді ҚАЖД. Осылайша департамент Семенованың Өтегеновтің сырқат көрінетіні жөніндегі алаңдаушылығын және Өтегеновтің сөзіне сүйенген соңғы бір айда 10 келі салмақ тастағаны туралы хабарын жанама түрде жоққа шығарды.
ҚАЖД «сотталғандардың барлығы қажетті тұрмыстық жағдайлармен, яғни тамақпен, төсек-орынмен, сондай-ақ күзгі-қысқы кезеңде киім-кешекпен қамтамасыз етіледі» деп хабарлап, Өтегеновтің жазғы аяқкиім сұрап жүгінбегенін атап өтті.
ҚАЖД Өтегеновтің хаттар мен жеделхаттарды, оның ішінде мемлекеттік органдарға жолдау құқығы шектелгенін де жоққа шығарды. Елена Семенованың сотталған Құрманғазы Өтегенов дайындаған жазбаша шағымдарды оған беруге рұқсат етілмегені туралы мәлімдемесіне қатысты департамент Семенова сотталған адаммен қысқа мерзімді кездесуге «азаматтық тұлға ретінде келгенін және оның адвокаты емес екенін, кездесу жалпы негізде өткенін» жазды.
43 жастағы Құрманғазы Өтегенов 2006 жылғы 14 маусымда Алматы шетіндегі Шаңырақ кентінде жергілікті тұрғындар өздері салған үйлерді заңсыз деп бұзуға тырысқан билікке қарсылық көрсеткен оқиғаларға қатысты деген айыппен түрме жазасын өтеп жатыр. Бұл оқиғалар кезінде бір полицей қаза тапқан. Шаңырақ оқиғаларынан кейін төрт адам ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылып, олардың екеуі өткен жылы шартты түрде мерзімінен бұрын босатылды. Түрмеде қазір 66 жастағы ақын әрі диссидент Арон Атабек пен Құрманғазы Өтегенов қалды. Өтегеновке 2013 жылы, 16 жылдық жазасын өтеп жүрген кезінде, түрме әкімшілігі қызметкерлерінің «заңды талаптарына бағынбады» деген айыппен тағы екі жарым жыл қосылған.
ДЕРЕККӨЗ: https://rus.azattyq.org/a/29944642.html

