Полиция қызметкерлері ұрған 20 жастағы әйел облыстық ішкі істер департаментінен 3 миллион теңге өндіруді сұрады. Любовь Дорошенко 3 мамырда сотқа талап арыз берді. «Ол Қостанай облыстық ІІД-нен полицейлер келтірген моральдық зиянның өтемақысы ретінде 3 миллион теңге талап етіп отыр», — деді Қазақстанның адам құқықтары жөніндегі халықаралық бюросы Қостанай филиалының директоры Анастасия Миллер. Оқиға былтыр 10 сәуірде Қарабалық ауданындағы Лесное ауылында болған. Учаскелік инспектор Арман Төлегенов пен жедел уәкіл Нұрлан Сәрсенбаев 20 жастағы Любовьті дүкеннен ұрлық жасады деп айыптаған. Хабарланғандай, олар әйелден кінәсін мойындату үшін жұдырық жұмсаған. Жас ана емізулі баласы барын, сүті тоқтап қалуынан қорқатынын айтып, тимеуді сұраған. Алайда Төлегенов пен Сәрсенбаев оны құлақ жарғағы жыртылғанша ұрған. Сондай-ақ полицейлер ұсталған әйелдің саусақтарын кесіп тастаумен және ата-ана құқығынан айырумен қорқытқан. «Любовь болған жағдайдың бәрін баяндап арыз жазған соң, Қарабалық аудандық ІІБ бастығының екі орынбасары істі жылы жауып қоюға тырысқан. Подполковниктер Амантай Ағайдаров пен Жангелді Акинов Дорошенкоға өздері 100 000 теңге алып келген. Бірақ жәбірленуші арызын кері қайтарған жоқ», — деп жазады басылым. Сотта бұрынғы полицейлер кінәларын мойындамай, Дорошенко өздеріне жала жапқанын айтты. Нұрлан Сәрсенбаев үш жарым жылға, Арман Төлегенов үш жылға бас бостандығынан айырылды. Қарабалық аудандық ІІБ бастығының бұрынғы орынбасарлары Ағайдаров пен Акинов үш жыл тоғыз айдан жаза алды. ДЕРЕККӨЗ:
http://www.ng.kz/modules/news/article.php?storyid=26334
Қостанай облысында полицейлерден соққы көрген әйел 3 миллион теңге өтемақы талап етеді

