Жарияланымдар

Қостанай полициясы азапталған жалғызбасты анаға 1,5 млн теңге төлейді

2 мин чтения

Қостанай облысы Қарабалық аудандық ішкі істер бөлімінің екі қызметкері 20 жастағы Любовь Дорошенконы азаптағаны үшін кінәлі деп танылғаннан кейін, әйел моральдық зиянды өтеу үшін 3 миллион теңге өндіру туралы азаматтық талап арыз берді.

Өткен жылдың сәуірінде Қарабалық ауданының Лесное ауылындағы екі полицей әйелді тірек пунктіне алып кеткен. Оның кішкентай баласы үйде жалғыз қалған. Пункт ғимаратында аға лейтенант Сәрсембаев майор Төлегеновтің көзінше әйелді қорқытып, ауыл дүкенінен ұрлық жасағанын мойындауды талап еткен. Ұрлық фактісінің өзі күмәнді болған. «Мойындаудан» бас тартса, саусақтарын кесеміз деп қорқытқан. Любовь өзіне жала жаппаған соң, форма киген адамдар оны еденге құлатып, ұрып-соққан.

Осындай жауап алудан кейін кабинеттен Любовьтің жұлынған шаштары табылған, ал әйелдің емшек сүті тоқтап қалған.

Көп қиындықпен болса да, полицейлер жауапқа тартылды. Сот Сәрсембаевты 3,5 жылға, Төлегеновті үш жылға бас бостандығынан айырды. Бұдан бөлек, Қарабалық аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасарлары да «Билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану» және «Жалған айғақ беруге пара беру» баптары бойынша 3 жыл 9 айға сотталды.

Полицейлерге қатысты іс аяқталғаннан кейін, 2017 жылғы мамырда Любовь Дорошенко Қостанай облыстық ІІД-не қарсы моральдық зиянды өтеу туралы талап арыз түсірді. Оның өкілі Р. Волочай сот жарыссөзінде 3 миллион теңгені өндіріп беруді сұрады. Өйткені әйел тән және жан азабынан бөлек, әлі күнге дейін қорқынышпен өмір сүріп отыр: ауылда сотталғандардың туыстары тұрады.

Прокурор қорытындысында Дорошенконың талаптарын ішінара қанағаттандыру қажет екенін айтты, ал өтемақы мөлшерін соттың қарауына қалдырды. Нәтижесінде судья Г. Рахметуллина талапты ішінара қанағаттандырып, 1,5 миллион теңге өндіруге шешім шығарды.

ДЕРЕККӨЗ:
https://bureau.kz/novosti/sobstvennaya/v_otvete_za_svoikh/

Қазақстанның азаптауға қарсы ҮЕҰ коалициясының материалы