Жыл соңына дейін елдің барлық өңірлеріндегі, соның ішінде Шығыс Қазақстан облысындағы полиция бөлімшелерінде жауап алуға арналған мөлдір кабинеттер пайда болуы тиіс. Бас прокуратура департаментінің бастығы Құсайын Игенбаев республикалық БАҚ-қа түсіндіргендей, күдіктілермен «әңгімелесуге» арналған шыны бөлмелер құқық қорғау қызметкерлерінің азаптау қолдануы мен іс материалдарын бұрмалауы ықтималдығын барынша азайту мақсатында енгізілмек.
Алғашқы полиция «шоурумдары» Астананың аудандық ішкі істер басқармасында және Ақмола облысының Целиноград аудандық ішкі істер бөлімінде ашылған. Одан кейін мөлдір жауап алу кабинеттері Бас прокуратура мен ІІМ-нің бірлескен жобасы аясында Қазақстанның өзге қалаларында жабдықталады. Шыны қабырғалы бөлмелерге бейнебақылау камералары мен дыбыс жазатын құрылғылар да орнатылады.
Қазақстан халықаралық адам құқықтары және заңдылықты сақтау бюросы Шығыс Қазақстан филиалының жетекшісі Қуат Рахымбердиннің айтуынша, бастама жақсы, бірақ бәрі оны іске асыруға байланысты.
— Ең алдымен, мұндай кабинеттер барлық бөлімшеге бірдей орнатылмайтынын айту керек, — дейді ол. — Бір шыны модуль бюджетке 160 мың теңгеге түседі, ал Қазақстанда 3500 полиция учаскесі бар! Барлығына қаржы жете ме? Оның үстіне қалаларда бір тергеушіге айына орта есеппен 25–30 қылмыстық іс келеді. Мысалы, Өскеменнің Үлбі немесе Сол жағалау полиция бөлімінде 10–15 тергеуші жұмыс істесе, бұл жүздеген іс деген сөз. Ондай жерде бір мөлдір бөлме жеткіліксіз.
Яғни күдіктілерді азаптау мен айғақтарды бұрмалаудан қорғауға арналған жобаға қаражат аз бөлінсе, ол тек есеп үшін жасалған бастама болып қалуы мүмкін. Қабырғалары тұтас кәдімгі жауап алу кабинеттері де бұрынғысынша қолданыла береді.
— Грузияда мөлдір бөлмелер тәжірибесі болған, бірақ олар бұдан әрі барды, — деп қосты Қуат Рахымбердин. — Ескі полиция бөлімдерін жауып, орнына бірінші қабатында жауап алу жүргізілетін жаңа шыны ғимараттар салды. Сырттағы адамдар іште не болып жатқанын көре алады. Бұл азаптаудың алдын алуға оң әсер етті. Қазақстанда әзірге мұндай бірде-бір бөлім жоқ.
ДЕРЕККӨЗ:
«Устинка» газеті
https://ustinka.kz/kazakhstan/society/24770.html

