Жарияланымдар

Сотталған Құшекбаев Орал колониясында өзін ешкім азаптамағанын айтты

2 мин чтения

Сотталған Жеңіс ҚҰШЕКБАЕВТЫҢ анасы Әлима Оралдағы РУ-170/2 колониясының қызметкерлерін қылмыстық жауапқа тартуды сұрап, Қазақстан Президентіне бейнеүндеу жазды. Облыс прокурорының тапсырмасымен құрылған топ анасының үндеуіндегі барлық уәждерді тексерді.

Облыс прокурорының аға көмекшісі Тимурлан ЫСМАЙЫЛБАЕВТЫҢ айтуынша, тексеруге уәкілетті мемлекеттік органдардың мамандары тартылған. Барлық тергеу әрекеттері Қазақстан халықаралық адам құқықтары және заңдылықты сақтау бюросы филиалының директоры, Ұлттық алдын алу тетігінің мүшесі Павел КОЧЕТКОВТЫҢ қатысуымен жүргізілген.

— Облыс прокуратурасының арнайы прокурорлар басқармасы Құшекбаевқа азаптау қолдану және сотталғандарды өз-өзіне қол жұмсауға дейін жеткізу туралы ҚР Қылмыстық кодексінің 146-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізді, — деді Тимурлан Ысмайылбаев.

Аға прокурор көмекшісінің сөзінше, жауап алынған Құшекбаев өзіне азаптау қолданылмағанын, басқа сотталғандардың да азапталғанын көрмегенін айтқан. Алайда ол басқа сотталғандардан, соның ішінде Үсенов пен Богомаздан, Бекбергеновті колония қызметкерлері Есенгелдин мен Мурзашев жүйелі түрде ұрғаны туралы естіген. Олар мұны растай алады деген. 2016 жылғы тамызда азаптауға шыдамаған Бекбергенов дәретханада асылып, өз-өзіне қол жұмсаған.

Прокуратураның түсіндіруінше, колония әкімшілігінің үстінен шағым жазуға Жеңіс Құшекбаевтың анасы мен мекеме қызметкерлері арасында оның жиенімен ұзақ мерзімді кездесуге рұқсат бермеу салдарынан туған дау себеп болған.

Прокуратура сот-медициналық сараптама қорытындысы бойынша Құшекбаевтың денесінде ешқандай жарақат болмағанын хабарлады.

Айта кетейік, Орал колониясы сотталғандарының барлық айғақтарында олардың ешқайсысы Есенгелдин мен Мурзашевтің азаптау қолданғанын көрмегені жазылған.

РУ-170/2 мекемесінің бастығы Сағындық ӨТЕШҚАЛИЕВ Құшекбаев жаза өтеу уақытында алты рет тәртіптік жаза алғанын, оның соңғы екеуі РУ-170/2 мекемесінде берілгенін атап өтті.

— Тергеу нәтижесінде сотталғандарға азаптау қолданылғаны жөніндегі уәждер расталмады, — деп түйіндеді Павел Кочетков.

2017 жылғы 9 ақпанда облыстың арнайы прокуроры қылмыс құрамының болмауына байланысты ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы тәртібімен сотқа дейінгі іс жүргізуді тоқтатты.

ДЕРЕККӨЗ:
http://mgorod.kz/nitem/osuzhdennyj-kushekbaev-rasskazal-chto-v-uralskoj-kolonii-ego-nikto-ne-pytal/

Қазақстанның азаптауға қарсы ҮЕҰ коалициясының материалы