Жарияланымдар

Туыстары Астанадағы тергеу изоляторында азаптау болғанын мәлімдеді: ҰҚК-нің екі қызметкері қамауға алынды

3 мин чтения

Туыстарының пікірінше, сотталған адамдарды «қажетті» айғақтарды беруге мәжбүрлеу үшін азаптаған.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің екі қызметкері екі айға қамауға алынды. Оларға қатысты астаналық тергеу изоляторында азаптау қолданылды деген күдік бойынша сотталғандардың туыстарынан арыз түскен.

25 қаңтарда Астананың мамандандырылған ауданаралық тергеу соты күдіктілер — подполковник Еркін Аманов, майор Хамит Әбдіғали және ҰҚК Шекара қызметінің бір қызметкері, капитан Қайрат Сартай — жөнінде екі ай мерзімге қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады. Астаналық соттың баспасөз қызметі сотқа дейінгі тергеудің өзге деректері ҚПК-нің 201-бабына сілтеме жасалып жарияланбағанын хабарлады.

Бұған дейін Астанадағы тергеу изоляторында отырған адамдардың туыстары ҰҚК-нің осы қызметкерлері жақындарын бір жыл бойы азаптағанын мәлімдеген.

«Біздің туыстарымыз 2021 жылғы 10 наурызда Семейдегі алтын құрамды кенді ұрлады деген күдікпен ұсталды. Бірақ тергеу изоляторында ҰҚК-нің „арнайы жертөлесі“ — қажет айғақ бермейтіндерді әкелетін азаптау камералары бар екен. Оларды бір-біріне жала жапқызып, іс қолдан жасау үшін тоғыз ай бойы азаптады. Мұның бәрі Астананың тергеу изоляторында болды. ҰҚК оларды азаптады, ал ІІМ — ҚАЖ департаменті мен комитеті арқылы — бәрін біліп, үндемеді. Негізгі істі қадағалайтын Өскемен прокуратурасы да ештеңе білмегендей болды», — деп мәлімдеді ұсталғандардың бірінің әпкесі Құралай Өмірбаева.

Туыстары азаптау туралы 2022 жылғы ақпанда біліп, бірден барлық инстанцияларға шағымданған. Оған дейін карантинге байланысты жақындарымен кездесе алмаған.

2022 жылғы 29 наурызда азаптау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Алайда ұсталғандардың туыстарының айтуынша, 10 ай бойы іс созбалаңға салынған. Құралай Өмірбаева сараптамалар мен куәлар бола тұра, Бас прокуратурадан күдікті ҰҚК қызметкерлерін қамау туралы сұраған сайын «Тағы бір апта беріңіздер» деген жауап естігендерін айтты.

«Бұл азаптаулар қаншалықты қатыгез болды десеңізші! Ауыздарына су жылытқышты тығып, тоққа қосқан, резеңке шоқпармен және таяқпен ұрған, жұдырықтаған, наурыз айында суық су құйып, жалаңаяқ далаға шығарған. Олардың (ҰҚК қызметкерлерінің. — Автор.) тағы бір әдісі бар: 20 сағат бойы қимылдамай тұрғызатын, біреу қозғалып кетсе, ұратын. Кейде адамдар бірнеше тәулік ұйықтамаған. Бұлар айғақтарға қол қойғызар алдында жасалған. Адамдар неге қол қойғанын да білмеген. Қабырғалары сынған, өкшелері жаншылған, бір адамға ота жасалған, құлақ жарғақтары жарылған. Мидың шайқалуы мен жарық дерлік барлығында бар. Азаптау ісі бойынша 46 адам жәбірленуші ретінде танылған, оның 32-сі ұрлыққа күдікті біздің жігіттер, қалғандары — басқалар. Бұл қалаусыз адамдарды әкелетін арнайы жертөле болды», — деді Құралай Өмірбаева.

17 қаңтар күні сағат 10.00-де Астанада Бас прокуратура ғимаратына шамамен 50 адам жиналды. Құралай Өмірбаеваның айтуынша, бұл кездесу алдын ала келісілген. Жәбірленушілердің туыстары сағат 17.00-ге дейін күткен, бірақ ешкім шықпаған.

ДЕРЕККӨЗ:
https://informburo.kz/novosti/rodstvenniki-zaklyucyonnyx-zayavili-o-pytkax-v-sizo-astany-dvux-sotrudnikov-knb-arestovali

Қазақстанның азаптауға қарсы ҮЕҰ коалициясының материалы