Жарияланымдар

Ұмытпау үшін: Базарбай Кенжебаев

2 мин чтения

26 маусым — Азаптау құрбандарын қолдаудың халықаралық күні. Қазақстанның азаптауға қарсы ҮЕҰ коалициясы азаптау салдарынан жақындарынан айырылғандардың барлығына, сондай-ақ азаптау туралы шағымдары тиімді тергелместен өмірден өткен адамдардың отбасыларына шын жүректен көңіл айтады. Коалиция Қазақстан үкіметін азаптау туралы барлық арыздар мен бас бостандығынан айыру орындарындағы өлім жағдайларын тәуелсіз әрі тиімді тергейтін тетікті мүмкіндігінше тез енгізуге шақырады. #notorture #26June #азаптауғаЖоқ #26маусым

Базарбай Кенжебаев

Жаңаөзенге жақын Қызылсай ауылының тұрғыны Базарбай Кенжебаев полициядағы тергеуден кейін 2011 жылғы 21 желтоқсанда қайтыс болды. 16 желтоқсанда ол Жаңаөзенге перзентханада жатқан кіші қызына бару үшін келген, бірақ тәртіпсіздіктерді басу кезінде қарусыз адамдарға оқ атқан полицейлер оны ұстаған. Ол уақытша ұстау изоляторында бір тәуліктен астам уақыт бойы соққыға жығылған. Келесі күні ауыр жарақатпен, ішкі ағзалары зақымданған күйде үйіне жіберілген. 19 желтоқсанда ресейлік журналист Елена Костюченко кездейсоқ оның үйіне келіп, ол болған оқиғаның бәрін айтып берген. Журналистің арқасында Кенжебаев ісі қоғам назарын аударды, алайда азаптағаны үшін сол кездегі уақытша ұстау изоляторы бастығының міндетін атқарушы Женішбек Теміров қана сотталған. Жаңаөзен оқиғаларына байланысты ұсталған ондаған адам да ауыр азаптаулар туралы куәлік берген, бірақ басқа ешкім жазаланбаған.

Қазақстанның азаптауға қарсы ҮЕҰ коалициясы жақын адамынан айырылған Базарбай Кенжебаевтың балаларына көңіл айтады.

Коалиция Қазақстан үкіметінен Базарбай Кенжебаевтың өліміне кінәлі барлық адамдарды жауапқа тартуды талап етеді.

Қазақстанның азаптауға қарсы ҮЕҰ коалициясының материалы