Ақтөбе облысында төрт полицей, олардың ішінде аудандық ішкі істер бөлімдерінің бірінің қылмыстық полиция бөлімшесінің бастығы да бар, азаптау қолданғаны үшін нақты жаза алды. Бұл статистиканы 2016 жылдың басынан бергі кезең бойынша облыс прокуратурасы Today.kz сұрауына берген жауабында ұсынды.
Төрт полиция қызметкеріне қатысты екі қылмыстық іс сотқа жолданған.
«2016 жылғы 3 қарашада Мұғалжар аудандық соты аудандық ішкі істер бөлімінің қылмыстық полиция бөлімшесінің бастығын Қандыағаш қаласындағы бұзақылық оқиғасының куәгеріне азаптау қолданғаны үшін кінәлі деп таныды. Сот полицейге үш жыл бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады», — деп облыс прокуратурасы соңғы істің мән-жайын түсіндірді.
Бұған дейін 17 қазанда сот Хромтау аудандық ішкі істер бөлімінің үш қызметкерін кінәлі деп танығаны хабарланған. Олар азаматтық некедегі жары 300 мың теңгені алаяқтық жолмен алды деп айыптаған жергілікті тұрғыннан кінәсін мойындауды талап еткен. Полицейлердің әрқайсысы үш жыл бас бостандығынан айырылды.
Ақтөбе облысы прокуратурасының арнайы прокуроры Рүстем Құлымжановтың мәліметінше, 2016 жылы тергеудің заңсыз әдістеріне қатысты шағымдар саны 32 пайызға азайған.
«Мемлекет қылмыстық процесте азаматтардың құқықтарын қорғауға қажетті шараларды қабылдап жатыр. Қазір де тергеудің рұқсат етілмеген әдістерін қолданудың жекелеген фактілері кездеседі, олардың әрқайсысына қатаң баға беріліп, кінәлілер жауапқа тартылады. Полиция қызметкерлерінің азаптауына қатысты шағымдарды объективті қарау үшін мұндай фактілерді арнайы прокурорлар тергейді», — деп атап өтті облыс прокуратурасы.
Еске салайық, 8 қыркүйекте Астана қаласы ІІД қылмыстық полициясы бастығының орынбасары Сәкен Сүлейменовтің бірнеше рет азаптау қолданды деген күдікпен ұсталғаны белгілі болған. Ол сол уақытта қамауда отырған. Сүлейменовке қатысты сотқа дейінгі тергеу сотталған адамның арызынан кейін басталған.

